X

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «FORTE TRIO» триосы Норвегиядағы «Earth & East Festival» халықаралық фестивалінде өнер көрсетті

01.07.2026

2026 жылғы 18–23 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «FORTE TRIO» триосы – Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұжымы Норвегия Корольдігінде өткен «Earth & East Festival» халықаралық фестиваліне қатысты.

Ұжым құрамында көркемдік жетекші Тимур Урманчеев, скрипкашы Максат Жүсіпов және виолончельші Мұрат Нарбеков өнер көрсетті.

Фестиваль аясында қазақстандық музыканттар әлемнің түрлі елдерінен келген орындаушылармен және шығармашылық ұжымдармен бірге сахнаға шығып, халықаралық деңгейде отандық орындаушылық өнердің жоғары кәсіби әлеуетін танытты.

Сапардың маңызды оқиғаларының бірі – Осло қаласындағы «Store Festsal» концерт залында өткен «FORTE TRIO» триосының жеке концерті болды. Концерт бағдарламасына әлемдік классикалық музыканың жауһар туындыларымен қатар, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын танытатын шығармалар енді.

Концерт Норвегиядағы дипломатиялық корпус өкілдерінің, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, Қазақстан диаспорасының мүшелерінің, сондай-ақ академиялық музыканы сүйер қауымның зор қызығушылығын тудырды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «FORTE TRIO» триосының «Earth & East Festival» халықаралық фестиваліне қатысуы және Осло қаласында концерттік бағдарламамен өнер көрсетуі қазақстандық музыкалық өнерді халықаралық кеңістікте кеңінен насихаттауға, еліміздің оң имиджін нығайтуға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі үлес қосты.

Поделиться в соц. сетях: