X

«Қазақконцерт» әртістері Францияда өнер көрсетеді

18.01.2024

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының шығармашылық ұжымдары мен әртістері Францияның Бельфор қаласында өтетін «Focus Kazakhstan 2024» ауқымды мәдени жобасына қатысады. Аталмыш жоба аясында қазақстандықтар жергілікті көрермен назарына екі бірегей музыкалық іс-шара ұсынбақшы. 

Айта кету керек, «Focus Kazakhstan 2024» жобасының ұйымдастырушылары: Бельфор Ұлттық театры «Le GRANIT» және «Art Ambassadeurs» ұйымы. 2022 жылы аталған ұйым өкілдерінің жобаны іске асыру аясында екі елдің мәдени ынтымақтастық мәселелері талқылау мақсатында Қазақконцертке сапары өтті. Делегация «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері мен классикалық өнер бөлімінің солистерінің шығармашылығына үлкен қызығушылық танытты. Нәтижесінде Қазақконцерт әртістері «Focus Kazakhstan 2024» жобасының бірқатар мәдени іс-шаралары «Дала әуендері» концертімен басталмақшы.

19 қаңтарда Maison du Peuple de Belfort залында әлемге әйгілі «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, қазақ би өнерінің інжу-маржаны «Гүлдер» ансамблі және «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солистері Айзат Қарабек пен Асқар Мұқияттың қатысуымен «Дала әуендері» концерті өтеді. Әртістердің шығармашылық коллаборациясы көрермендерге дала рухы мен ұлттық мұра байлығын біріктірген қазақ мәдениетінің әсем әлемінен ұмытылмас әсер сыйлайтыны анық.

26 қаңтарға жоспарланған музыкалық кешке классикалық өнер бөлімінің солистері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Мәдениет саласының үздігі Дина Мирманова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік және «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы қатысады. Концерт бағдарламасында шетелдік және қазақстандық композиторлардың классикалық музыка жауһарлары орындалады.

«Focus Kazakhstan 2024» іс-шарасы екі елдің музыкалық дәстүрлерінің мәдени байланысына баса назар аударған екі ел арасындағы бірыңғай мәдени көпір болмақ.

Анықтама: «Focus Kazakhstan 2024» жобасы 2024 жылдың соңына дейін жалғасады. Жоба аясында бірқатар концерттер, жәрмеңкелер, кино көрсетілімдері мен көрмелер жоспарлануда.

 

Поделиться в соц. сетях: