X

«Қазақконцерт» әртістері аты аңызға айналған «Carnegie hall» сахнасында өнер көрсетпек

28.09.2023

Роза Бағланова атындағы «Қазаққконцерт» ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің музыканттары гастрольдік іс- сапармен АҚШ-қа аттанбақшы.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық турне барысында әртістер Нью-Йорктегі «Carnegie hall» концерт залының басты сахнасында өнер көрсетеді. 9-10 қазан күндері шығармашылық ұжым жергілікті жұртшылықтың назарына қазақстандық және шетелдік композиторлардың танымал шығармаларынан жинақталған ауқымды концерттік бағдарлама ұсынады. Сондай-ақ, оркестрдің ресми сапары кезінде 66-шы Грэмми сыйлығына ұсынылған «Blue Griffin Record» дыбыс жазу студиясында жазылған CD альбомы жайлы хабарланады. Бұл жинаққа американдық композитор Лоуэлл Либерманның скрипка мен оркестрге арналған шығармалары енген. Айта кету керек, «Carnegie hall» - классикалық музыка орындаушылары үшін әлемдегі ең беделді концерттік орындардың бірі. Нью-Йорктің басты сахнасында өнер көрсету - бүкіл әлемдегі музыканттар үшін ерекше құрмет.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымдардың бірегейі. Оркестр құрамы асқан виртуоз шеберлер мен камералық музыкалаудың үздік әлемдік дәстүрлерін дамытып жүрген халықаралық байқаулардың лауреаттары, яғни жоғары кәсіби музыканттардан құралған. Дарынды 90 музыканттан тұратын Оркестр әртүрлі дәуірлер мен стильдердің туындыларын және барокко, классикалық және заманауи музыка орындау өнерін жоғары дәрежеде меңгерген. Ұжым шығармашылығының маңызды бөлігі -  ұлттық музыка, халық әндері мен күйлерін оркестрлік өңдеу, сондай-ақ қазіргі қазақ композиторларының шығармаларын орындау. Симфониялық оркестр алыс-жақын шет елдерде еліміздің музыкалық өнері мен орындаушылық дәстүрлерін жоғары дәрежеде насихаттап, халықаралық мәдени байланысты дамытуда үлкен роль атқарып жүр.

Оркестр 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Айман Мұсахаджаеваның бастамасымен құрылды.

Оркестрдің бас дирижері - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰӨУ профессоры Бақытжан Мұсахаджаева.

Поделиться в соц. сетях: