Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің үрлемелі аспаптар ансамблі «Музыка тілінде» концертін ұсынды
04.10.2026
ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің үрлемелі аспаптар ансамблі «Музыка тілінде» концертін ұсынды.
Дүниежүзілік музыка күніне арналған кеште ұлттық әуендер мен әлемдік классика, джаз бен танго бір сахнада тоғысып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Концертте Клод Боллингтің флейта мен джаздық фортепиано триосына арналған сюитасы орындалды. Классикалық музыка мен джаз элементтерін үйлестіретін шығарма флейта, фортепиано, контрабас және ұрмалы аспаптардың үні арқылы кештің музыкалық өрісін кеңейтті.
Сондай-ақ Ришар Гальяноның «Клодқа арналған танго» туындысы ұсынылды. Кларнет пен аккордеонның үндестігі тангоның айшықты ырғағы мен заманауи музыкалық мәнерін жеткізді.
Кештің басты ерекшелігі - қазақ халық әндерінің ағаш үрлемелі аспаптар квинтетіне арнайы өңделген нұсқаларының алғаш рет орындалуы болды. Флейта, гобой, кларнет, валторна және фаготтың үйлесімі таныс ұлттық әуендерді жаңа қырынан танытып, олардың көркемдік бояуын аша түсті.
Айта кетейік, концертте жеке орындаушы ретінде Хадиша Елубаева өнер көрсетті.
«Музыка тілінде» кеші түрлі музыкалық жанрлар мен орындаушылық дәстүрлердің жарасымды үндестігін паш етіп, ұлттық мұраның жаңа музыкалық кеңістікте де табиғи әрі әсерлі үйлесім таба алатынын тағы бір рет дәлелдеді.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз