«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» : ел руханиятын жаңғыртатын ауқымды концерттік-гастрольдік тур басталмақ!
18.05.2026
2026 жылдың 21-23 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, «Қазақстан Халық банкі» АҚ демеушілігімен елімізде ауқымды бірегей «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» мәдени жобасы жүзеге асады.
Жоба аясында министрлікке қарасты жетекші шығармашылық ұжымдар Қазақстанның 17 өңіріне концерттік-гастрольдік турмен барып, көрерменге ұлттық және заманауи өнердің үздік үлгілерін ұсынады.
Оның ішінде Роза Бағланова атындағы«Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұжымы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарына бармақ. Концерттік бағдарламалар облыс орталықтарымен қатар шалғай аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерді де қамтиды.
«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» – ұлттық руханиятты жаңғыртып, халықтық музыкалық мұраны жаңа форматта насихаттауға бағытталған ерекше мәдени бастама. Жоба арқылы ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық өнер бүгінгі көрерменмен жаңа сипатта үндеседі.
Жобаның басталуы мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – 21 мамыр күнімен тұспа-тұс келіп отыр.
«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасы – өнер арқылы ел мен елді, ұрпақ пен дәстүрді байланыстыратын рухани көпір.
Ұлттық өнердің әсем әлемімен бірге тыныстап, ерекше музыкалық кештердің куәсі болуға асығыңыздар!
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз