X

Филиал

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Алматы қаласындағы филиалы 2016 жылы ашылды. Қазақстандық мәдениеттің көш басындағы ең ірі музыкалық ұжымның филиалы отандық өнердің дамуына, ұлт руханиятының жаңғыруына өзінің сүбелі үлесін қосып жүр. Филиалдың директоры – әйгілі әнші, композитор, Қазақстан Республикасының Халық артисі Алтынбек Қоразбаев.


«Қазақконцерт» филиалының құрамында қазақстандық сахна өнерінің майталмандары әрі халқымыздың асыл мұрасы, өнердің қаймағы саналатын қазақтың ән-күй өнерін танытып, халықтың зор ықыласына бөленген даңқты өнерпаздар еңбек етеді. Олардың қатарында: Сара Тыныштыгулова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова, Бағдат Самидинова, Бибігүл Қилымхан, Жанболат Ербатыров, Жазира Байырбекова, Сүлеймен Ибрагимов, Сая Махамбет, Ернар Айдар, Райым Уайыс, «Меломен» тобы және т.б.


Филиалдың солистері мен шығармашылық ұжымдары республика өңірлерінде гастрольдік қызметпен белсене айналысып, үздік өнер туындылары мен концерттердің барша халыққа қолжетімдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар халықаралық дәрежедегі байқаулар мен фестивальдарға қатысып, заманауи қазақстандық өнердің танымалдылығын арттырып жүр.


Талантты артистер өз шығармашылығы, концерттері мен көп жылғы толымды еңбегі арқылы ұлттық сахнаны мазмұндық жағынан жаңа жетістіктерге жетелеп, қазақ өнерінің қарыштап дамуына атсалысып жүр.