X

«Сәлем, Елорда!» І Республикалық өнер фестивалінің гала-концерті өтті

05.12.2020

 «Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Өнер фестивалінің жетістіктері «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында өткен дөңгелек үстел барысында қорытындыланды.

Ауқымды іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асуда. Ұйымдастырушылар - «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы».

Дөңгелек үстел отырысына еліміздің әр өңіріне қарасты 17 филармонияның басшылары қатысты. Іс-шара барысында фестивальдің нәтижелерімен бірге өнер саласындағы өзекті мәселелер де талқыланады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер департаментінің директоры Күміс Сеитова атап өткендей, бірлесіп өткізілген мәдени іс-шараларға көз жүгіртіп, алдағы жоспарларды нақтылауда мұндай жүздесулердің маңызы зор. Департамент директоры өз сөзінде «ҚР Мәдениет туралы» Заңына енген өзгерістер мен толықтыруларды тілге тиек етіп, ел өңірлеріндегі мәдениет пен өнер саласының дамуына тоқталды.  

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығының» жұмысын жоғары бағалады.

- Онлайн жиналыстар барысында Концерттік-гастрольдік орталық сіздер көтерген өзекті мәселелердің шешімін тауып, нәтижелі жұмыс істеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да өңірлік филармониялар мен шығармашылық ұжымдарды қолдайтын боламыз. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалі мәдениет саласындағы елеулі іс-шараның біріне айналды. Менің ойымша, өңірлердегі озық орындаушылар мен үздік шығармашылық ұжымдарды қалың бұқараға таныту үшін осындай маңызды жобалардың қатарын арттыра беруіміз қажет,- деп жеткізді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Іс-шара барысында «Қазақконцерт» ұйымы өз тәжірибесімен бөлісіп, «Қазақстан» орталық концерт залы бойынша экскурсия жүргізілді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан өңірлік филармонияларға естелік сыйлықтар табысталды.

Бұдан бөлек, «Қазақстан» орталық концерт залында «Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалі гала-концертінің телевизиялық түсірілімі өтті. Фестивальдің гала-концертінде өңірлік өнер ұйымдарының үздік концерттік номерлері топтастырылады. Көрермендер бұл концертті Тәуелсіздік мерекесіне орай 17 желтоқсанда «Хабар» телеарнасынан көре алады.

Еске салсақ, аталған өнер фестивалі 2020 жылдың 20 қарашасында салтанатты түрде бастау алған болатын. Іс-шараға республика өңірлеріндегі барлық мемлекеттік концерттік ұйымдар қатысуда. Фестивальдің мақсаты – өңірлердің мәдени жетістіктері мен өнерін кеңінен насихаттап, талантты орындаушыларды қолдау.


Поделиться в соц. сетях: