X

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына «Академиялық» мәртебесі берілді

11.12.2023

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына «Академиялық» мәртебесі берілді

 

Қазақконцерт - қазақ өнерінің темірқазығы саналатын, ұлттық мәдениетті қалыптастырудың көш басындағы ең ірі музыкалық ұйым. Қазақ музыка өнерінің қара шаңырағы, музыка әлемінің тұңғиық сырынан сусындатар өнер ордасы - ұлттың рухани мүддесін ұлықтап, еліміздегі музыкалық өнердің дамуына зор үлес қосып келе жатқан, талғамы биік өнерсүйер қауымды қазақтың және әлемдік өнер туындыларымен қауыштыратын өнер мен тыңдарманның арасындағы алтын көпір. Қазіргі таңда еліміздің мәдениеті мен өнерін халықаралық ареналарда асқақтатып, ұлттық өнерімізді әлемге танытуға сүбелі үлес қосқан Ұйымда Қазақстанның Халық әртістері мен Еңбек Ерлері Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Қазақстанның Халық әртістері Сара Тыныштығұлова, Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Секен Тұрысбек, Жанғали Жүзбай, Бағдат Самидинова, Айжан Нұрмағамбетова, Құмарбек Қалқатай, Жеңіс Ысқақова, Құрмаш Махан, Жанна Орынбасарова, Айгүл Елшібаева, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Ерлан Рысқали, Әлішер Каримов, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова, Бибігүл Жанұзақ, Медет Шотабаев, Айзат Қарабек және халқымыздың ерекше мақтанышы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген сынды өнер майталмандары мен халықаралық беделді байқаулардың лауреаттары, талантты жас солистер, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарған озық орындаушылар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Асқар Мұқият, Рухия Байдүкенова, Ернар Садырбаев (Amre), ерекше дарын иелері Әлібек Әлмадиев, Әділхан Макин, Мәди Рымбаев, Аяулым Қамажан, Салтанат Меңдіғалиева, Гүлнар Көшенова, Дидар Әбдіхалық және т.б. алдыңғы толқынның ізбасарлары лайықты жалғастырып, фольклор, классика, эстрада, мюзикл театры сынды музыкалық өнердің барлық жанрларын ұсынған өнер ордасының құрамына «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы, «Astana Musical» мемлекеттік театры, «Классикалық өнер», «Эстрадалық өнер» бөлімі, «Тұран» этно-фольклорлық тобы, «Гүлдер» ансамблі, «Saz&Soul» вокалдық-аспаптық ансамблі бар. Өнердің жоғары деңгейі мен халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етіп, еліміздің маңдайалды өнерпаздарымыздың басын қосқан ұйым 1960 жылдан бастап бұқараға алуан түрлі мәдени іс-шаралар ұсынып, қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет етуде.

Поделиться в соц. сетях: