X

Димаш Құдайберген "Қазақконцерт әлемі: бізге 60 жыл!" концертінде өнер көрсетті

17.10.2020

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Қарағым-ай» әні әлеуметтік желілерде мыңдаған қаралым жинауда. «Қазақконцерт» ұйымының 60 жылдық мерейтойына арналған концертте өнер көрсеткен Димаш бұл әнді ерекше тебіреніспен орындады.

Димаштың қайталанбас дауысы талай тыңдарманның жүрегінен орын алған «Қарағым-ай» әнінің бар көркемдігін, сыры мен мұңын дәл жеткізді. Бұл әнді Димаш қазақтың көрнекті композиторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, осы туындының авторы Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арнады. Жанды дауыста орындалған әнді композитор, «Қазақконцерт» ұйымының әртісі Әділжан Толықпаев сүйемелдеді.

«Хабар» телеарнасынан және Қазақконцерттің Qazaqconcertlive YouTube арнасынан көрсетілген «Қазақконцерт әлемі: бізге 60 жыл» атты мерейтойлық концерт көрермендерсіз өтті. Бірақ Димаштың өнеріне тәнті болған сан мың көрермен көгілдір экранның арғы жағында болса да, қаралым және комментарийлер арқылы сүйікті әншісіне зор қолдау көрсете білді. Тыңдармандардың пікіріне сүйенсек, залдың әнге сай безендірілуі және сахнадағы атмосфера Димаштың даусымен ерекше үйлесім тапты.


Бұған қоса, Қазақконцерттің 60 жылдығына арналған мерейтойлық концерттің жоғары деңгейде өтуіне Сара Тыныштығұлова, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан» ансамблі, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Жеңіс Ысқақова, Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Мөлдір Әуелбекова, Құрмаш Махан, Алишер Каримов, Әміре, «Музарт» тобы, т.б. әртістер елеулі үлес қосты. Концерттен алған жақсы әсерлерімен бөліскен көрермендердің жылы лебіздері мен оң пікірлері Қазақконцерт әртістерін қанаттандырып, онлайн форматтағы жаңа жобаларды дайындауға шабыт берді.

Поделиться в соц. сетях: