X

Қазақконцерт әртістері мерекемен құттықтайды

01.12.2020

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы барша қазақ елін ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

Қазақконцерт әртістері Елбасының қазақ мәдениетінің өркендеуіне қосқан зор еңбегін жоғары бағалап, мерекеге орай өздерінің жылы лебіздерін ұйымның әлеуметтік желілерінде жеткізді.

Мерекеге орай өздерінің музыкалық сәлемдемесін Қазақконцерттің «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі жолдап бастады. Ансамбль өнер ұжымының көркемдік жетекшісі, композитор Бауыржан Ақтаевтың «Қайран елім» туындысын орындады. Музыкалық бейнероликте Елбасының эклюзивті фотолары көрініс тапқан.


Ал «Астана мюзикл» мемлекеттік театры өз құттықтауларын баршаға белгілі «Елім менің» әні арқылы жеткізді. Талантты жастардың басын біріктірген театр Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне жазылған бұл патриоттық туындыны нақышына келтіре жоғары деңгейде орындап шықты. Елордалық театр тарихи видеоархивтер арқылы бейбіт күннің жетістіктерін ерекше көрсетті.


«Қазақконцерт» ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер бөлімі Елбасымен кездескен сәттерін айтып, ерекше естеліктерімен бөлісті. Нұрсұлтан Әбішұлының ақ батасы мен ақыл-кеңестері Қазақконцерт әртістеріне рухани демеу болып, өнердегі зор жетістіктерге қол жеткізуге күш берді. Әншілер Елбасын ұлттық өнердің нағыз жанашыры деп атап, Тұңғыш Президенттің алдында өнер көрсеткендерін зор мәртебе санайтындарын жеткізді.  


Өздерінің жүрекжарды лебіздерін жолдаған әртістер осылайша жаңа форматта барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. Мерекелік әсем әуендер және Елбасымен байланысты өнегелі естеліктер «Қазақконцерт» ұйымының әлеуметтік желілерінде баршаға қолжетімді.

Поделиться в соц. сетях: