«Гүлдер» ансамблі Куала-Лумпурда өнер көрсетті
15.12.2025
Халықаралық музыкалық-мәдени фестиваль аясында 2025 жылғы 13 желтоқсанда Малайзияның Куала-Лумпур қаласында аңызға айналған «Гүлдер» эстрадалық ансамблінің концерті өтті.
Концерттік бағдарламада қазақстандық және шетелдік мәдени дәстүрлерді ұштастырған 20 музыкалық-хореографиялық номер ұсынылды. Көрермендерге «Дударай» халық әні, сондай-ақ «Аққу», «Асатаяқ», «Қуаныш думан» хореографиялық композициялары, сонымен қатар малайзиялық, моңғол және қытай билері ұсынылды.
Концертті әлемнің әртүрлі елдерінен келген 300-ден астам көрермен тамашалады. Іс-шара халықаралық аудитория тарапынан оң бағаланып, қазақстандық ұжымның жоғары көркемдік деңгейін айқын көрсетті.
Концертке дайындық жұмыстары шамамен үш ай бойы жүргізілді. Репетициялар барысында бағдарлама халықаралық көрермендердің ерекшеліктерін ескере отырып бірнеше рет жетілдіріліп, бейімделді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Абзал Өсімбаевтың айтуынша, ұжым ұлттық эстрадалық мұраны дамытып, оны заманауи талаптарға сай жаңғырта отырып, репертуары мен көркемдік формаларын кеңейтуді жалғастыруда.
1969 жылы құрылған «Гүлдер» ансамблі қазақстандық эстрадалық және хореографиялық өнердің символдарының бірі болып табылады. Ұжым құрамының жаңаруынан бері репертуарға шамамен 90 жаңа шығарма енгізілді.
Малайзиядағы бұл концерт жаңартылған құрамдағы ансамбльдің гастрольдік қызметіндегі шетелдегі 13-ші ел болды. Соңғы үш жылда ұжым Қазақстан мәдениетін Швеция, Франция, Германия, Латвия, Қытай және Түркия елдерінде табысты түрде таныстырды.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз