X

ҚАЗАҚКОНЦЕРТТЕ «ЗАМАНА ЖАҢҒЫРЫҒЫ» ЭТНО-БАЛЕТІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

01.03.2026

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында танымал қазақстандық хореограф, «GULDER» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықованың шығармашылық қызметіне 25 жыл толуына арналған «FLOW/АҒЫН» концерті өтті. 


FLOW / АҒЫН — бұл тоқтаусыз қозғалыс пен шығармашылық сана ағынын бейнелейтін, ұлттық хореографияның эволюциясы туралы көркемдік толғаныс. Бағдарламада бас балетмейстердің дара қолтаңбасы — қазақ неохореографиясы айқын көрініс тапты.
Концерт шымылдығын Бейбіт Оралұлының музыкасына қойылған бас балетмейстердің төл туындысы «Дала әуені» хореографиялық композициясы ашты. Елімізге танымал күйші және композитор, Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбековтың орындауындағы «Көңіл толқыны» күйіне қойылған биі де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Гүлзада Рыскулованың музыкасы мен сөзіне жазылған «Tolgonuu» әні автордың орындауында шырқалып, хореографиясына «GULDER» ансамблінің әртістері биледі. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі байқаулар мен фестивальдерде қойылып жүрген Нұрғиса Тілендиевтің күйіне қойылған «Аққу» биі де көрермен көңілінен ерекше орын алды. Сахнада аққудың әсем болмысы мен сұлулығы нәзік қимыл, иірімге толы пластика арқылы әсерлі бейнеленді.


Іс-шара аясында француз композиторы Морис Равельтің музыкасына қойылған «Замана жаңғырығы» («Эхо эпох») этно-балетінің тұсауы кесіліп, алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Қойылым мазмұнында Тұмар ханшайымның тұлғасы арқау болып, сақ дәуірінің шежіресі мен көк түріктер кезеңі, бабалар дүниетанымы тұтас көркем концепцияға тоғыстырылды.
Сонымен қатар, концерт бағдарламасында Анвара Садықованың Қазақстанның жетекші хореографиялық және театрлық ұжымдарының репертуарына енген таңдаулы қойылымдары ұсынылды. Атап айтқанда «Жан біткен петроглиф», «Толғау», «Ер Тұран», «Дайрабай», «Ақ Дариға», «Хафиз», «Серілер салтанаты» және т.б. билер орындалды. 


Кеш барысында әртістер орындауындағы ұлттық нақыштағы және заманауи бағыттағы билер көрерменге ерекше әсер сыйлады. Музыка мен бидің жарасымды үндестігі концерттің көркемдік деңгейін арттырып, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Көрермен қауым әрбір қойылымды ерекше ықыласпен қабылдап, концерт соңында ұзақ уақыт қол соғып, жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сұлтанбек Ғұмар, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Динара Құдабаева, респбуликалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Көркем Шолошова, Нұрай Шеру, Аққанат Смағұлова, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі және Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері қатысты. 


Анвара Садықова – 70-тен астам би қойылымы мен екі балеттің авторы. Сондай-ақ ұлттық хореография тарихы туралы үш деректі фильмге сценарий жазып, режиссерлік етті. Ұлттық балет мәселелеріне арналған 25-тен астам ғылыми-зерттеу мақала мен төрт кітаптың авторы. Халықаралық кәсіби қызметте де белсене араласып, Латвия, Ресей, Беларусь және Қазақстандағы халықаралық хореографиялық байқаулардың қазылар алқасының мүшесі болып жүр.

Поделиться в соц. сетях: