X

Астанада Алмас Алматовтың 70 жылдығына арналған концерт өтті

26.04.2026

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау және фольклор зерттеушісі Алмас Алматовтың 70 жылдығына орай «Біздің жәрмеңке – жыр-дастан» атты концерт өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шара аясында мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты табысталды. Хатта Алмас Алматовтың ұлттық мәдениетті дамытуға, жыр-терме өнерін насихаттауға, қазақ эпикалық мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеуге және жыраулық дәстүрді жас ұрпаққа жеткізуге қосқан зор үлесі атап өтілген.

«Сіздің ұлттық өнерді насихаттау және жыр-терме дәстүрін жаңғырту жолындағы еңбегіңіз ерекше. Сіз қазақ жырын әлем сахнасында лайықты дәрежеде танытып, ұлттық өнердің мәдени мұра кеңістігіндегі орнын нығайтып келесіз», – делінген құттықтау хатта.

Алмас Алматов дәстүрлі өнердің көрнекті орындаушысы әрі зерттеушісі ретінде кеңінен танымал. Ол әр жылдары қазақ рухани мұрасын Франция, Италия, Швейцария, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия сахналарында таныстырып, халықаралық фольклорлық турлар мен Азия халықтарының музыкалық симпозиумдарына қатысқан.

Мерейтойлық кеш бағдарламасы жыр-дастан, терме және толғау жанрларын біріктірді. Әсіресе ұрпақ сабақтастығына ерекше мән берілді: Алмас Алматов «Жыр бастау» шығармасын орындаса, оның әр жылдардағы шәкірттері жыраулық мектептің жалғасын ұсынды.

Поделиться в соц. сетях: