X

Астанада Роза Бағланова атындағы II Халықаралық вокалдық конкурс өтіп жатыр

14.05.2026

Престижді шығармашылық байқауға арналған баспасөз конференциясында қазылар алқасының мүшелері 8–17 сәуір аралығында онлайн форматта өткен бірінші кезеңнің қорытындысын жариялады. Барлығы ұйымдастырушыларға 137 өтінім келіп түскен, олардың 10-ы Түркия, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген жас орындаушыларға тиесілі. Екінші кезеңге жоғары кәсіби шеберлігін, сахналық мәдениетін және орындаушылық тереңдігін көрсеткен 20 қатысушы өтті.

Байқауға қатысушылардың алдында Роза Бағланованың репертуарынан шығармаларды орындау міндеті тұрды. «Қазақконцерт» директоры Ақан Әбдуәлиевтің айтуынша, бұл үрдіс ұрпақтар сабақтастығын айқындап, ұлттық музыкалық мұраның сақталуына және оның жас вокалистер шығармашылығында жаңа интерпретацияда жаңғыруына ықпал етеді.

Қатысушылардың өнерін бағалау белгілі өнер қайраткері, КСРО халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Лаки Кесоглу төрағалық еткен қазылар алқасына жүктелді. Қазылар құрамына ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Болатбек Букенов, Жеңіс Ысқақова және Сембек Жұмағалиев, сондай-ақ Қырғызстанның халық әртісі Ырысқелді Осмонқұлов кірді. Баспасөз конференциясы барысында олар заманауи вокал өнерінің дамуы туралы пікір алмасып, қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.

– Ең алдымен, ұмытылмас Роза Тәжібайқызы Бағланованың құрметіне арналған осындай тамаша байқауды ұйымдастырғандарға алғысымды білдіремін. Мен онымен бір сахнада өнер көрсету бақытына ие болдым. Оның шығармашылығы мәңгілік. Ол ерекше тұлға еді, көрермен оны шын жүректен жақсы көрді. Кеңес дәуірінде оның концерттерінде атты полиция кезекшілік ететін – халық оны тыңдауға өте көп жиналатын. Бұл конкурс жас әншілерге өздерін көрсетуге, кәсіби ортада орнын табуға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Лаки Кесоглу.

Сондай-ақ баспасөз конференциясына Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов пен оның жұбайы Марал қатысты. Олар әншінің отбасы атынан арнайы жүлде туралы айтты. Марал Бағланованың айтуынша, биыл естелік мүсінше мен ақшалай сертификатпен бірге Роза Тәжібайқызының сүйікті сырғаларының түпнұсқа көшірмесі табысталады. Бұл бұйым KazakhYuvelir компаниясының арнайы тапсырысымен жасалған.

Байқау жеңімпаздарының есімдері бүгін кешке «QAZAQSTAN» концерт залында өтетін гала-концерт барысында белгілі болады.

Еске салайық, Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурс «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұйымдастыруымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Жоба жас вокалистерді қолдауға және қазақ музыкалық өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.

Поделиться в соц. сетях: