X

«TURAN» АНСАМБЛІНІҢ ӘЛЕМДІК ГАСТРОЛЬДІК САПАРЫ ЕУРОПА ЕЛДЕРІНДЕ ЖАЛҒАСАДЫ

30.03.2023

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солистері «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі 15 жылдық мерейтойына орай әлемнің көптеген елдерін гастрольдік сапармен аралап жүр.

Түркі дүниесінің музыкалық бренді атанған ансамбльдің әлемдік гастрольдік сапары 1-17 сәуір аралығында Еуропаның бірнеше елінде жалғасады. Атап айтсақ, Францияның Париж (Salle Cortot), Бельфор (The Gtanit National Scene), Лион (Dans Les salons de l’Hôtel du Département), Швейцарияның Женева (Conservatoire de musique de Genève), Бельгияның Брюссель (Centre for fine Arts Bozar), Хорватияның Загреб (Koncertna dvorana Blagoje), Словенияның Любляна, Австрияның Вена (Ehrbar Saal), Мажарстанның Будапешт (Várkert bazár) қалаларында концерт береді.

Іс-шараларға, сонымен қатар, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова, «Қазақконцерт» солистері, белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев және виолончелист, Шанхай музыка консерваториясының магистранты Талғар Шалқарұлы қатысады.

Одан бөлек, ансамбль мамырда Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде авторлық «FOLK & SYMPHONY» жобасын ұсынады. Гастрольдік сапарлар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және демеушілердің қолдауымен өтеді.

Айта кетейік, ансамбльдің халықаралық гастрольдік сапары Америка Құрама Штаттарынан басталды. Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің шақыртуымен ансамбль Ұлыстың ұлы күніне орай 21-23 наурыз күндері Вашингтон қаласындағы әйгілі University of District of Columbia Тheater of Тhe Аrts сахнасында және әлемдік өнер мен мәдениетте, саясат пен экономикада ізі қалған қаншама атақты тұлғалар білім алған ірі білім ордасы Джордж Вашингтон университетінің сахнасында арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.

«ТURAN» ансамблі 2008 жылы құрылған, заман талабына сай қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын дамытып, көне аспаптардың үнін жаңа үлгіде жаңғыртуға атсалысып жүрген өзіндік ерекшелігі бар өнер ұжымдарының бірі. Сондай-ақ, түркі әлеміне ортақ көмеймен ән айту өнерінің шеберлері. Ансамбль құрамындағы Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев 30-дан астам ұлттық аспапта ойнайтын шебер музыканттар.

«TURAN» этно-фольклорлық ансамблі 15 жылдың ішінде АҚШ-та және Еуропада бірнеше рет өнер көрсеткен. Түрлі жылдары Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Вашингтон, Бостон, Германияның Берлин, Франкенберг, Кассель, Бонн, Франфурт-на-Майне, Штутгарт, Мюнхен, Дюссельдорф, Венгрияның Будапешт, Бугац, Норвегияның Осло, Швейцарияның Женева, Францияның Париж, Ницца, Канн қалаларында  концерттер берген. Америкадағы «Carnegie Hall», «Kennedy Center», «Zellerbach Hall» және Еуропадағы «Kaisersaal», «Kunstmuseum», «Krammel», «Muzee Massena», «Cosmopolite center», «Villa Domerque», «Palais Royal» алаңы, «Salle Cortot», «Theatres des Varietes» және тағы басқа сынды тек әлемдегі ең үздік, кәсіби шеберлігі жоғары музыканттар өнер көрсететін сахналарда жеке концерттерін берген.

 

Поделиться в соц. сетях: