«СӘЛЕМ, ЕЛОРДА!» І Республикалық өнер фестивалі басталды
23.11.2020
20 қарашадан бастап «Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалі салтанатты түрде бастау алды. Онлайн форматтағы фестиваль елордамызға арналып отыр. Ауқымды іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылады.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өнері мен мәдениеті күндері үлгісіндегі телевизиялық форматта ұйымдастырылған бұл фестиваль өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптейді. Сондай-ақ, бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, 2020 жылғы республикалық маңызы бар мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарды қамтитын болады.
Қазақстандықтарды рухани қолдау, отандық өнерпаздарды ортақ іске жұмылдырып, ел еңсесін көтеруге ықпал етуге бағытталған бұл өнер мерекесі Әбу-Насыр Әл-Фарабидің 1150, Алтын орданың 750, Ұлы Абайдың 175, Шәмші Қалдаяқовтың 90, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойларының мәртебелерін асқақтатып, Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасырлық мерекесінің мерейін тасытатын болады.
Жобаны «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» өткізуде.
Фестивальге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпараттық қолдау көрсетіп, «Qazaqstan» ұлттық арнасының өңірлік филиалдары концерттердің түсірілімдерін ұйымдастырды.
Барлық концерттік бағдарламалар алдымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің YouTube арнасынан көрсетіліп, кейіннен «Qazaqstan» ұлттық арнасының өңірлік филиалдарында жариялауға жолданады. Ұйымдастырушылар аталмыш жобаны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін концерттер шеруіне айналдыруды көздеп отыр. Өңірлердің өнер өркениетін өрістететін «Сәлем, Елорда» І республикалық фестивалі» көрермендердің көңіл көгінде қалықтайды деп сенеміз.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз