X

Әмренің ән мұрасы

14.10.2023

«Ұлыларға тағзым» жобасы аясында ұйымдастырылған Әміре Қашаубаевтың шығармашылығына арналған «Ән атасы – Әміре» атты салтанатты кешінде «Қазақконцерттің» алашқа аты мәшхүр, көл еркесі аққуға үн қосқан дүлділ әншілері, бармағынан күңіреніп күй тамған дәулескер күйшілері мен бір бойына талай өнерді тоғыстырған айтулы өнерпаздары өнер көрсетті.

Талай талантты тудырған қасиетті қазақ даласының дүлділі, қазақ әнін байтақ әлемге танытып, әлем жұртшылығын ұлтымыздың төлтума құндылығына құштар еткен, күміс көмей, жезтаңдай әншінің шығармашылық кешінде дәстүрлі фольклорлық музыканың жанкүйерлері театрландырылған қойылымның куәсі болды. «Сал-серілік кезең», «Ұлт өнерінің түрленіп дамуы. «Кәсіби өнердің негізін салушы – Әміре», «Кемелденген кезең. Әміре - әлемге Қазақтың әншілік өнер танытқан қайталанбас тұлға» бөлімдерінен құралған импровизацияланған перфоманс көпшілікке «Даланың алтын дауысы» атанған Әміренің өмірбаянындағы маңызды оқиғаларын еске түсірді, ал қойылымның нағыз шарықтау шегі 1925 жылғы Париждегі Әміре Қашаубаевтың ұмытылмас жеңісін бейнеледі.

«Халық қазынасы» дәстүрлі өнер орталығының, «Астана Мюзикл» театры және классикалық өнер бөлімі солистері жиналған қауымға дауылпаз әншінің орындауындағы әндерді шырқады. Әміре бейнесін сомдаған Дінисламбек Жайлаубай Ақан серінің «Балқадишасын» әуелеткен кезде көрермен көз алдына Әміренің сонау Париж төріндегі жеңісін, халық сүйіспеншілігімен қатар, қайғылы оқиғаларды бастан өткерген қиын және даулы кезеңдерін елестеткендей болды.

Ұлы әртістің шығармашылығын жан-жақты аша түскен музыкалық кештің ерекше атмосферасын ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Елмұра Жаңаберген, Медет Чотабаев, сондай-ақ Мәдениет саласының үздігі Қайрат Айтбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Азат Мәлік және басқа да көптеген орындаушылардың өнерлері жалғастырып, көрерменге ұмытылмас көңіл-күй сыйлай алды. Сондай-ақ, «Астана сазы» және «Гүлдер» ансамбльдері елорда жұртшылығын өздерінің үздік нөмірлерімен қуантты.

«Әміре Қашаубаев - ұлы қазақ әншісі, оның даңқы қыр асып, қазақ өнерін әлемге танытты. Ол алғаш болып шетелдіктерге ұлттық аспабымыз - домбыраны таныстырды. «Ұлыларға тағзым» жобасы қазақтың көрнекті мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын көпшілікке дәріптеу мақсатында жүзеге асырылуда. Өнердің озық флагманы – «Қазақконцерт» ұйымының міндеті – ел мақтаныштары туралы естеліктерді сақтау және өскелең ұрпаққа жеткізу», - деп қорытындылады Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова.

Поделиться в соц. сетях: