X

Дәстүр мен заманауилық диалогы

03.06.2026

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында ұлттық музыкалық дәстүрлер мен заманауи өнер үрдістерін тоғыстырған Folk Show концерті өтті.

Шоуға «Қазақконцерт» әртістері — республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Ербол Тажибаев, белгілі қобызшы Олжас Құрманбек, сондай-ақ «Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, Қазақстан мемлекеттік симфониялық оркестрі және G-Band квартеті қатысты.

Folk Show жобасы қазақ музыкалық өнерінің байлығы мен көпқырлылығын айқын көрсетті. Дәстүрлі аспаптардың әуені мен заманауи ырғақтық ізденістердің үйлесімі ерекше атмосфера қалыптастырып, көрермендерге ұлттық мәдениетті тереңірек танып, әлемдік танымал шығармалардың жаңа интерпретациясын ашуға мүмкіндік берді.

Кештің авторы әрі дирижері — республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Әділет Азбаев. Оның жетекшілігімен дәстүр мен заманауилық арасындағы шығармашылық диалогты айқын көрсеткен ауқымды концерттік бағдарлама дайындалды. Қазақ халық музыкасы жаңа форматта ұсынылып, әлемдік хиттермен, танымал фильмдер саундтректерімен және contemporary бағытындағы шығармалармен үйлестірілді. Бұл бағыт еркін импровизация мен әуендік пластикалылықпен ерекшеленеді.

Осындай шығармашылық синтез көрермендерге дәстүрлі өнерді жаңа қырынан қабылдауға және оның қазіргі музыкалық кеңістіктегі өзектілігін сезінуге мүмкіндік берді.

Көрермен назарына «Адай», «Махамбет», «Балалық шақ», «Махаббат бекеті», сондай-ақ «Такси», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Троя», «Гладиатор» фильмдерінің музыкасы, Tattoo және Libertango шығармалары ұсынылды. Заманауи аранжировкалар, виртуоздық орындау және ерекше дыбысталудың арқасында әрбір шығарма жаңа көркемдік сипатқа ие болып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Поделиться в соц. сетях: