Барлығын бірге еңсереміз
16.03.2020
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа артистердің атынан жарияланған үндеуге қатысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы өз пікірін білдірді:
- «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы елдегі коронавирус індетінің таралмауына байланысты қабылданып жатқан барлық шектеу, алдын алу шараларына түсіністікпен қарайды. Кейбір ақпарат құралдарында Мемлекет басшысының атына жазылған үндеуге қатысты, бұл тұтастай мәдениет саласы өкілдерінің пікірі емес. Біз бұл үндеуді ақпараттық диверсия деп түсінеміз.
Қазақконцерт артистері короновирустың әлемдік пандемиясына байланысты Қазақстанда енгізілген сақтық шаралармен толығымен келіседі. Өздеріңіз білетіндей, Қазақконцерт ұжымы– Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Димаш Құдайберген, Мөлдір Әуелбекова және басқа да көптеген өнер жұлдыздары еңбек ететін еліміздегі басты концерттік ұйым. Өнер адамдары - ең алдымен, патриотизм және азаматтық жауапкершілікті толықтай сезінетін ел азаматтары, сондықтан баршамызға ортақ басты міндет– елдегі бейбітшілік пен тыныштықты барынша сақтау.
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ел азаматтарын әрдайым сабырлы болуға, қиындықты бірге еңсеруге шақырады.
Біз тұтастай мемлекет сын сағатында тұрғанда мұндай сипаттағы жазба жариялап, жеке бастың пайдасын елдік мүддеден жоғары қоюды айыптаймыз. Мемлекеттік органдар «барлығын бірге еңсереміз» деп түрлі шаралар қабылдап жатқанда, барша қазақстандықтарды «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» сындарлы сәттен сүрінбей өтуге үндейміз.
Барлық отандастарымызды тек қана ресми ақпараттарға құлақ асып, жекелеген азаматтардың жалған әрекеттеріне арандап қалмауға шақырамыз, - деді ол.
Жеңіс Сейдуллаұлының пікіріне «Қазақконцерт» ұйымының артистерімен қоса, елімізге белгілі өнер жұлдыздары қосылатынын жеткізді.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз