X

ТӘЖІКСТАНДА ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗ ҰЛЫҚТАЛДЫ

28.08.2024

«Қазақстанның Тәжікстандағы мәдени күндері» аясында Душанбе қаласында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері өнер көрсетті.

24 тамыз күні Қазақконцерттің «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Saz & Soul» тобы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабек, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асқар Мұқият, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Сұлтан Ахмет және Іңкәр Айдарханқызы сынды солистері жергілікті тыңдарманды қазақ өнерінің жыр-жауҺарларымен жақынырақ таныстырды.

Концертте «Керім-ау айдай», «Сәулем, сәулем», «Сүгірдің термесі» атты халық әндері, «Арнау», «Заман», «Көкейкесті» аспаптық шығармалары, «Көңіл толқыны» аспаптық-хореографиялық композициясы және тағы да басқа қазақ өнерінің бар қыр-сырын танытатын шығармалар орындалды.

Қазақконцерттің жұлдыздарының қатысуымен өткен музыкалық кеш өнерсүйер қауым үшін нағыз мереке болды. Өнер майталмандарымыз қазақтың киелі қара домбырасы мен қылқобызы арқылы ұлтымыздың дәстүрлі және заманауи мәдениеті мен руханиятын паш етті.

Рухани кештен ұмытылмас әсер алған талғампаз тыңдарман әр концерттік нөмір сайын жігерленіп, қошеметін аямады.

Поделиться в соц. сетях: