X

 «FOLK & SYMPHONY» концерті

12.12.2022

     «FOLK & SYMPHONY» – симфониялық оркестр мен қазақтың көне музыкалық аспаптарын біріктіріп, Америка, Еуропа және Азия тыңдармандарының жүрегін жаулаған «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің бірегей жобасы. 

Кешке «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі мен әлемге әйгілі «ТҰРАН» фольклорлы-этнографиялық ансамблі қатысады. Оркестрге «Астана Балет» театрының бас дирижері Арман Оразғалиев жетекшілік етеді. Дүниежүзілік кеңістікте әлемдік атақ-даңққа ие болған және жаңадан бой көтерген ұжым «Гүлдер» ансамблінің би тобы да сахна төрінде өнер көрсетеді. Ансамблдің көркемдік жетекшісі – Серік Дәулетов, бас балетмейстері – Анвара Садыкова.

Концерттік бағдарламада «ТҰРАН» ансамблінің репертуарындағы фольклорлық және симфониялық үздік туындылар орындалады. Бірегей жоба қазақтың музыка мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағытталған.

 «ТURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі – заман талабына сай қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын дамытуда көне аспаптардың үнін және оларды жаңа үлгіде жаңғыртуға атсалысып жүрген өзіндік ерекшелігі бар өнер ұжымдарының бірі.  

«ТURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің шығармашылығына биыл 15 жыл толды. Осы уақыт аралығында ансамбль әлемнің 70-ке жуық елдерінде 600-ден астам жеке концерттерін өткізді. Шығармашылық ұжымы «Карнеги Холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди орталығы» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт үйі» (Берлин, Германия), «Кремль сарайы» (Мәскеу, Ресей), «Конгресстер мен фестивальдер сарайы» (Канн, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция) сияқты атақты залдарда өнер көрсетті. Осы жылы ансамбль Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шақыртуымен жеке концерттерін берді. Сонымен қатар Бакудегі XIV У.Гаджибейли және Сеулдегі «Asia Song Festival» халықаралық музыка фестиваліне қатысып, Әзірбайжан мемлекетінде өткен ІІ Яилаг халықаралық фестивалінің арнайы қонағы болды. 

Ансамбль құрамында 30-дан астам ұлттық аспаптарда ойнайтын өнерпаздар бар: Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев және Жанту Дадабаев. 

 

Поделиться в соц. сетях: