X

Бірінші Роза

Аты аңызға айналған әнші 1922 жылы 1 қаңтар күні Сыр бойындағы Қазалы өңірінде дүниеге келген. Әншінің азан шақырылып қойған есімі – Үрбибі. Бірақ ол күллі әлемге Роза есімімен танылды. Қазақтың ән өнеріндегі бірінші Роза да өзі еді. Одан кейін дүниеге келген талай қазақ қыздарына Бағлановадай болсын деген ниетпен осы ерекше есімді бере бастайды. Соның бірі –Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Роза Рымбаева.

Көркі гүлдей жайнаған талантты әнші өнерге жастайынан құштар болған. Бірақ ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ халқының басына түскен нәубет пен соғыс зардабы Роза Бағланованың әулетін де айналып өтпеді. Әкесі қайтыс болған соң осы қиын жылдары ол отбасының асыраушысына айналады.

Күнкөріс мақсатымен 1940 жылдары әнші Ташкент қаласына көшіп барған. Ерекше талантымен көзге түскен күміс көмей әншінің өнер жолы Ташкент қаласынан бастау алды. Роза Тәжібайқызы Ташкент филармониясындағы ән-би ансамблінде өнер көрсетіп, біраз уақыттан кейін ұйымның бас солисі дәрежесіне көтеріледі. Осы ансамбльдің құрамында жүріп, 19 жасында майдан даласына аттанады.