«Айбозым»: Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойы
Күні: 26.09.2025 Уақыты: 19:00 Зал: Үлкен зал
Қазақконцерт сіздерді дәстүрлі әнші, қазақ ән өнерінің дарабозы және абыз тұлғасы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Айбозым» атты музыкалық кешке шақырады.
Концерттік бағдарламада әншінің репертуарындағы халық әндері мен төл туындылары шырқалып, ұлттық өнерге қосқан баға жетпес еңбегі мен өнегелі жолы насихатталады. Кеш барысында өнер иесінің шәкірттері мен замандастары құрмет көрсетіп, мюзикл үлгісіндегі мерейтой иесі өмірінің қызықты сәттері диалогтармен, тың туындылармен және бұрын-соңды болмаған қойылыммен халыққа ұсынылады.
Әншінің шығармашылығы қазақ музыкасының тарихындағы тұтас дәуірді қамтиды. Халық мұрасын ұлықтаушы, дәстүрлі ән өнерінің шынайы жанашыры Қайрат Байбосынов ұмыт болған, сирек орындалатын халық әндерін қайта тірілтіп, тыңдарман жүрегіне жеткізген бірегей тұлға. Ол қазақ өнерінің абыройын алыс-жақын шет елдерде де асқақтатты. Атап айтқанда, АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Қытай, Бирма, Сингапур сынды мемлекеттерде өткен концерттік сапарларында ұлттық ән өнерін таныстырып, шетелдік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шарада Қазақстанның халық әртістері Майра Ілиясова, Қапаш Құлыш, Рамазан Стамғазиев, Қырғызстанның Халық әртісі Роза Аманова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Сәуле Жанпейісова, Ерлан Рысқали, Айгүл Қосанова, Ерболат Шалдыбеков, Гүлмира Сарина, Клара Төленбаева, Ербол Айтбаев, Ардақ Балажанова, Дәуренбек Әркенов, Сержан Мұсайын, Мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Еркін Шүкіман, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина және «Қарақат» мектеп-студиясы, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрар, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақерке Тәжібаева, Аяулым Қамажан, Дария Бекпенбетова, танымал қобызшы Олжас Құрманбек, «Гүлдер» ансамблінің бишісі Аққанат Смағұлова және т.б. өнер көрсетеді.
Ұлттық рух пен өнердің ұлы мектебіне айналған Қайрат Байбосыновтың мерейтойлық кешін бірге тамашалаңыз!
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз