X

Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті қызметіне тағайындалды

14.11.2023

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы, DBA, профессор, композитор Ақтоты Райымқұлова 2023 жылғы 3 қараша күні Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті отырысында Түркі мемлекеттері елдерінің Мемлекет басшылары қабылдаған шешімге сәйкес Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті қызметіне тағайындалды.

 

Ақтоты Рахметоллақызы 2022 жылдың сәуір айынан бастап мекеменің тізгінін ұстап, мәдениет саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесі мен біліктілігін 60 жылдан астам тарихы бар қазақ музыка өнерінің қара шаңырағына айналған «Қазақконцерт» ұйымының абырой-беделін асқақтатуға бағыттады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру үшін еліміздің түкпір-түкпіріне мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жолында «Ел бірлігі-жаңа Қазақстан» гастрольдік жобасы, әлем елдері мәдениетін шығармашылық ынтымақтастығын бір сахнада біріктірген «ALEM SAZ» музыка фестивалі, бабаларымыздан бастау алатын халық өнері мен мәдениетін барынша насихаттау жолында «Ұлыларға тағзым» жобасы, жас көрерменге арналған «Балалар филармониясы» сынды жобаларға мұрындық болып, ұйымның абыройын халықаралық ареналарда асқақтатып, ұлттық өнерімізді әлемге танытуға сүбелі үлес қосты. «Қазақконцерт» қабырғасында жасаған ұлт руханиятын ұлықтаған әр жобасы көрермен тарапынан оң бағаланды. Қазақ эстрадасының күллі маңдайалды дарындарына жолдама берген «Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасының басы-қасында болып, сәтті жүзеге асырып, қазақ би өнерінің брендіне айналған ансамбльді халықпен қайта қауыштырды.

 «Қазақконцерт» ұжымы Ақтоты Рахметоллақызын ақылман басшы, іскер ұйымдастырушы, жарқын бастамалардың қолдаушысы ретінде ерекше бағалап, құрмет тұтады.

Ақтоты Рахметоллақызының басшылығымен 62-концерттік маусымдағы 10 ай ішінде «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымдары мен әртістері, әкімшілік қызметкерлерінің бір арнаға жұмылып, ауызбіршілікпен жемісті қызмет етіп, ел аумағында және халықаралық деңгейде концерттер, фестивальдер, кинокөрсетілімдер, шеберлік сабақтары, дәріс-концерттер, көрмелер және тағы басқа түрлі деңгейдегі 379 іс-шара өткізді.

Аса қадірлі Ақтоты Рахметоллақызына мықты денсаулық және алдағы қызметі абыройлы әрі табысты, еліміз бен халқымыздың болашағын дамытуда атқарар жаңа істеріңіздің халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, сәтімен болуын тілейміз.

Поделиться в соц. сетях: