X

«Қазақконцертте» әнші Бауыржан Исаевтың шығармашылығының 30 жылдығына арналған «Аяулым» атты музыкалық кеш өтті

01.05.2026

1 мамыр күні Қазақконцерт сахнасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен танымал әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Исаевтың шығармашылығына 30 жыл толуына арналған «Аяулым» атты мерейтойлық концерті өтті.

Кеш шымылдығын «Астана» эстрадалық симфониялық оркестрі ашып, тыңдарманға жылы көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты кеште Бауыржан Исаев тыңдарман жүрегінен орын алған «Мерекем сен», «Өмір – өмір», «Асыл аруым» әндерін шырқады. Сондай-ақ ҚР Ұлттық ұлан өнерпаздары хор шырқап, кештің шырайын аша түсті.

Концерт сахнасында Халық әртісі Роза Рымбаева мен Нағима Есқалиева ән шырқап мерейлі кештің мазмұнын байыта түссе, қазақ өнерінің шоқжұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы, Қайрат Нұртас, Асқар Жайлаубаев өнер көрсетіп, кештің әсерін айрықша деңгейге көтерді.

Сахнаны тербеген дуэттер мен қойылымдар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Бауыржан Исаев қазақ музыкасының алтын қорына енген әндердің авторы, композитор Арман Дүйсеновті еске алып, «Арман-ай» әнін орындады.

Кештің соңы Бауыржан Исаевтың қолтаңбасына айналған «Аяулым» әнімен түйінделіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл кеш – өнерге деген адалдықтың, сахна мәдениетінің және ұлттық музыканың жарқын көрінісі болды.

Поделиться в соц. сетях: