X

Қазақконцерт сахнасында Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсының екінші кезеңі өтті

13.05.2026

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Қазақконцерттің үлкен сахнасында Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсының ІІ кезеңі өтті.

Кеш Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның алғы сөзімен ашылды. Министрдің лебізін «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ақан Абдуалиев жеткізді.

137 үміткердің ішінен іріктеліп шыққан Қазақстанның әр өңірі мен Беларусь, Түркия, Өзбекстан секілді шет мемлекеттерден келген 20 дарынды вокалист байқаудың ІІ кезеңінде сахнаға шығып, өз өнерлерін қазылар алқасы мен көрермен назарына ұсынды.

Қазылар алқасының құрамына - Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Лаки Кесоглу, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері  Болатбек Букенов, Жеңіс Ысқақова және Сембек Жұмағалиев, сондай-ақ Қырғыз Республикасының халық әртісі Рыскелді Осмонқұлов кірді.

Халықаралық байқауға Қазақстанмен қатар шет мемлекеттерден келген қатысушылар да қатысып, қазақ вокал өнерін әлемдік деңгейде насихаттауға өз үлестерін қосты.

Байқауға қатысушылар Роза Бағланова репертуарындағы шығармаларды Астана симфониялық оркестрі мен “G-band”, “Saz&Soul” ансамбльдерінің сүйемелдеуімен орындады.

14 мамыр күні, 19:00-де осы сахнада байқаудың марапаттауы және Гала-концерт өтеді.

Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурс — ұлттық өнерді ұлықтап, жас орындаушыларға үлкен мүмкіндік сыйлайтын маңызды мәдени жоба ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Поделиться в соц. сетях: