X

Роза Бағланованың жаңа гиперреалистік мүсіні ашылды

28.02.2022

«Қазақконцерт» ұйымы атақты әнші, Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығын мерекелеуді алғашқылардың бірі болып бастады.

Мерейтой аясында өткен алғашқы ауқымды іс-шаралардың бірі – Роза Бағланованың жаңа эксклюзивті мүсіні мен оның өмірлік жолын баяндайтын көрменің салтанатты ашылу рәсімі.

Айтулы іс-шараның тұсаукесерін Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов пен Қазақконцерт директоры Жеңіс Сейдуллаұлы өткізді.

«Қазақ өнерінің ұлылығын әлемге паш еткен Роза Бағланова – ұлттың үні атанған біртуар тұлға. Әншінің мерейтойы аясында біз барша өнер сүйер қауымды осындай ерекше туындылармен қуантқымыз келіп отыр. Алдарыңыздағы әншінің эксклюзивті жаңа мүсіні мен оның өмірлік жолын баяндайтын мерейтойлық көрме Роза Тәжібайқызының есімін мәңгі етуге арналады», -деп жеткізді вице-министр Н.Дәуешов.

Аты аңызға айналған әншінің дәл осындай эксклюзивті мүсіні біздің елімізде әлі болған емес. Оның авторы – белгілі мүсінші-гиперреалист Айдос Есмағамбетов.

Мүсіннен бөлек, Қазақконцертке келген көрермен енді Роза Тәжібайқызының өміріне және өнер жолына арналған үлкен көрмені тамашалай алады. Көрмеде сирек кездесетін фотолар мен құнды материалдар көрініс тапқан. 


Салтанатты іс-шараға қатысқан Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал жаңа өнер туындыларын жоғары бағалады.

Ұйым басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы мәлімдегендей, бұл жоба үлкен апталық іс-шараларға ұласады.

«Ұлт мақтанышына айналған Роза Тәжібайқызының 100 мерейтойы осы қарашаңырақтан бастау алып жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Қазақконцерттен бастау алған Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы республика көлеміндегі іс-шараларға ұласып, жалғасын табады», - деп бөлісті ұйым директоры.

Енді 1, 3 және 6-наурыз күндері көрермендерді Роза Бағланованың ән мұрасына арналған үлкен концерттер күтіп тұр. Билеттер ticketon.kz сайтында.

Поделиться в соц. сетях: