Қазақконцерт сахнасында Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған «BATYR. Естеліктер» концерті өтті
15.05.2026
15 мамырда «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен аты аңызға айналған өнер иесі, музыкант және халықтың сүйіктісі Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған «БАТЫР. Естеліктер» атты концерт өткізді. Astana Vibe оркестрімен бірлесіп өткізілген музыкалық кеш әншінің шығармашылық мұрасына елеулі құрмет болды.
Концерттік бағдарлама өнер иесінің репертуарын, шығармашылық ортасымен байланысты туындыларын және жаңа оркестрлік интерпретацияларды біріктіретін біртұтас музыкалық баяндау ретінде құрылды. Кештің ашылуындағы «Воспоминание» шығармасын виртуоз гитарист Өнер Кулов пен композиторлар Евгений Ботников пен Диляра Ажықанова дирижер Қасым Айтбаевтың жетекшілігімен орындады.
Бағдарламаның маңызды бөлігі өнер иесінің шығармашылық байланыстарына арналды. Батырхан Шөкеновпен бірге «Арай» ансамблінде және «A’Studio» тобында бірге өнер көрсеткен Наджиб Вилданов кешке қатысып, оның мазмұнын тереңдете түсті. Сондай-ақ көрерменге жақсы таныс, өнер иесінің есімімен тығыз байланысты Еркен Ынтықабаевтың «Анажан», «Мәңгі іздеймін» шығармалары және Валерий Стуровтың «Незнакомка» туындысы ұсынылды.
Батырхан Шөкенов репертуарындағы шығармалар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан мен Ерлан Рысқали, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ербол Тәжібаев, Зарина Божақова, Нұрай Шеру және басқа да өнерпаздардың орындауында кештің ерекше әсерлі бөлігіне айналды. Көпшілікке таныс әуендер өзіне тән интонациясы мен ішкі жылуын жоғалтпай, жаңа қырынан жаңғырып естілді. Концерт бағдарламасы барлық қатысушылар бірлесіп орындаған «Сағым дүние» әнімен түйінделіп, кештің символдық қорытындысына айналды.
«BATYR. Естеліктер» концерті Батырхан Шөкенов мұрасына арналған жылы музыкалық кешке айналды. Әр түрлі буын орындаушыларының орындауында шығармалар жаңаша сипат алып, өнерінің тереңдігі мен кеңдігі көрініс тапты.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз