X

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі «Махаббат симфониясы» атты музыкалық кеш ұсынды

27.02.2026

27 ақпан күні Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің «Махаббат симфониясы» атты музыкалық кеші өтті.
Көрерменге әлемдік классикалық музыканың үздік туындылары ұсынылды. Концерттік бағдарламада Джузеппе Верди мен Джордж Гершвиннің туындылары және «Ромео мен Джульетта» балетінен үзінділер орындалды.
Бағдарламаға ҚР Т. Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қанат Омаров және италиялық музыканты Джузеппе Гуллотта қатысты.

Қанат Омаров - дарынды музыкант, өз ұстазы Қазақстанның халық әртісі, танымал дирижер Төлепберген Әбдірашевтің шығармашылық жолын лайықты жалғастырып келеді. Сонымен қатар ол «Метрополитен-опера» театрының бас дирижері, маэстро Фабио Луизи жетекшілігімен кәсіби тағылымдамадан өтіп, дирижерлік өнердің барлық қыр-сырын меңгерді. Қанат Омаров «Carnegie Hall» (Нью-Йорк), «Kennedy Center» (Вашингтон), «Kitara Hall» (Саппоро), Мариин театры (Санкт-Петербург) және Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залы сынды әлемге әйгілі сахналарда өнер көрсетіп, қазақстандық дирижерлік мектептің беделін халықаралық деңгейде танытып жүр.

Музыкалық кештің солисі - Джузеппе Гуллотта (фортепиано, Италия). Ол Дж. Верди атындағы Милан консерваториясы мен Римдегі Әулие Цецилия академиясының түлегі. Беделді Бузони атындағы және көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты. Орындаушылық диапазоны кең пианист «Carnegie Hall» мен «Salle Cortot» сахналарында классикалық туынды репертуардан бастап, эксперименттік кроссовер-жобаларға және әлемнің жетекші балет ұжымдарымен шығармашылық байланыс орнатқан. Гершвиннің «Көгілдір реңктегі рапсодия» атты музыкалық шығарманы орындауы Еуропадағы ірі музыкалық циклдер аясында сыншылар тарапынан жоғары бағасын алған.

Поделиться в соц. сетях: