Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығы Қазақконцертте аталып өтті
27.04.2026
Қазақконцертте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Біздің жәрмеңке - ән ғұмыр» концерті өтті.
Кеш қатысушылары мен қонақтарына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы құттықтауы хаты жолданды.
Кеш барысында қазақтың ән өнерінде жеке әншілік мектеп қалыптастырған, ел аузындағы халық әндерін қайта жаңғыртқан дүлдүл әнші Дәнеш Рақышев мұрасы кеңінен дәріптеліп, оның танымал туындыларымен қатар сирек орындалатын әндері де көрермен назарына ұсынылды.
Тағылымы терең кеште еліміздің әр өңірінен жиналған өнерпаздар, әншінің шәкірттері мен Қазақконцерт әртістері бір сахнада тоғысып, өнер аманатын ұрпақтан ұрпаққа жалғаған рухани сабақтастықты паш етті.
Дәнеш Рақышев мұрасын жалғастырушы, төл шәкірті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов ұстазының ән қоржынында ерекше орын алған «Аңшының әнін» оның мәнерінде асқан сезімталдықпен әрі шеберлікпен орындап, көрерменнің зор ықыласына ие болды.
Ән мен тарих, дәстүр мен рух үндескен бұл кеш қазақ ән өнерінің рухани кеңістігін байытқан мәдени оқиғаға айналды.
Осылайша үш күнге жалғасқан «Біздің жәрмеңке» концерттер легі – жыр, күй және ән кештері арқылы ұлттық өнердің тұтастығын айшықтаған жоба ретінде түйінделді
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз