X
"TURAN" этно-фольклорлық ансамблі

Фото

Әртіс туралы

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі бүкіл түркі әлемінің көне дауысы және брендіне айналып, қазақстандық музыка мәдениетінің інжу-маржаны болып саналады. Бүгінгі таңда ұжым бүкіл әлемдік танымалдыққа ие болып, 70-тен астам елде 1300-ден астам концерт берді. Нью-Йорктегі Карнеги холл, Вашингтондағы Кеннеди орталығы, Лос-Анджелестегі Зеллербах холл (АҚШ), Берлиндегі Концертаус (Германия), Канндағы Palais des festivals et des Congres, Париждегі Салле Картот (Франция), Мәскеу консерваториясының Үлкен залы, Санкт-Петербургтегі Мариин театрының Концерт залы және т. б. әлемнің әйгілі концерт залдарында өнер көрсетті.

«TURAN» этно-фольклорлық ансамблі 15 жылдық мерейтойы аясында әлем елдеріне гастрольдік тур ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің шақыруымен ансамбль 21-23 наурыз аралығында Наурыз мерекесі аясында АҚШ Мемлекеттік департаментінің, Колумбия округі университетінің өнер театрының және Джордж Вашингтон университетінің сахналарында жергілікте көрермендерді қазақтың ұлттық өнерімен таныстырды.

1-17 сәуір аралығында «TURAN» ансамблі Еуропа елдерінде, атап айтқанда Францияның Париж, Бельфор, Лион қалаларында, Швейцарияның Женевасында, Бельгия, Австрия, Венгрия, Хорватия, Словения елдерінің бас қалаларында бірқатар концерттер берді. 24-29 мамыр аралығында музыкалық топ Германия-Франкфурт, Залах және Кельн қалаларын аралады. Ансамбльдің гастрольдік туры Қырғызстанда (Бішкек) және Өзбекстанда (Самарқанд, Бұхара, Ташкент) жалғасын тапты. Өткен жылы «TURAN» Түркияның шығысындағы Битлис қаласында бірқатар жеке концерттер берді. Ұжымды Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қамқорлығымен ARCHERS қоры ТҮРКСОЙ Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымымен бірлесіп, 1071 жылы Анадолыда Малазгиртте болған Жеңістің 951 жылдығын мерекелеуге шақырды. Топтың Ахлат ауданындағы Селкуклу Чаршисидің басты алаңында өнер көрсетуі мыңдаған адамдарды жинады. Айта кету керек, «TURAN» ансамблі мереке аясында басқа елден шақырылған жалғыз топ болды. Ансамбль бір сахнада Azerin, Imera, Aydilge сынды Түркияның танымал әртістерімен бірге өнер көрсетті.

Өткен жылдың күзінде «TURAN» ансамблі Сеулде өнер көрсетіп, Asia Song Festival 2022 халықаралық фестивалінің шымылдығын ашты. Халықаралық ауқымдағы фестивальде ансамбль бірнеше композицияларын орындап, әлемдік сахналарда қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарының ерекшелігін көрсетті. Айта кету керек, бұл ансамбльдің Кореяға 2022 жылғы алғашқы сапары емес. Қыркүйек айында «TURAN» жыл сайын ұйымдастырылатын фестиваль - Корей халық әніне арналған Чонсондағы 47-ші Ариранг фестивалі аясында бірқатар концерттер берді. Репертуарындағы композициялардан басқа, ансамбль 3000-нан астам нұсқалары бар корей арирангін орындады.

2022 жылдың қыркүйегінде «TURAN» ансамблі Бакуде У. Гаджибейлидің ХІV Халықаралық музыкалық фестивалін атап өтуге шақырылып, М. Магомаев атындағы Әзербайжан мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрімен бірге концерт берді. Сапар аясында ансамбль Әзербайжан ұлттық консерваториясының студенттеріне арналған дәріс-концерт өткізді. Бұған дейін Әзербайжанда «TURAN» шілде айында Хан Ялага аумағында өткен ІІ Ұлттық Ялаг фестивалінің қонағы және қатысушысы болған.

Ансамбль жеке концерттермен қатар, ұлттық өнерімізді жергілікті симфониялық оркестрлермен ұштастырған «FOLK&SYMPHONY» авторлық жобасын жүзеге асыруда. «FOLK&SYMPHONY» - этно-фольклорлық ұжым мен симфониялық оркестрдің органикалық бірлігі, әрқайсысының даралығын және ерекшелігін аша түсуге, қазақ музыкалық мәдениетін сақтауға, дамытуға және насихаттауға бағытталған бірегей жоба.

«TURAN» ансамблі 2008 жылы қатысушылардың бастамасымен құрылған ұжым. Көне, архаикалық аспаптардың дыбысын жаңғыртуға, сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнай, шертер, жетіген, домбыра, қыл қобыз сияқты аспаптарды жаңғыртудың жаңа тәсілдері мен нысандарын табуға, сондай-ақ қазіргі заманғы орындаудағы ең көне көмеймен ән айту өнерін жаңғыртуға ұмтылу - ансамбль құрудың негізгі идеясы.

Ансамбль құрамы Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадаев сынды 30-дан астам халық аспаптарын меңгерген талантты музыкант-мультиинструменталистерден тұрады.

Поделиться в соц. сетях:

Видео