X

КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКА КОНЦЕРТІ

Күні: 26.04.2024 Уақыты: 19:00 Зал: ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы (Республика даңғылы, 2)

 

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі елорда тұрғындары мен қонақтарын симфониялық музыка концертіне шақырады. Классикалық музыка кешінде итальяндық музыканттар - гитарист Лучано Помпилио және пианист Маурицио Мастрини өнер көрсетеді. Симфониялық музыка кешінде маэстро Паоло Шибилия (Италия) дирижерлік етеді.

 

Концерт бағдарламасы:

  1.  Joaquin Rodrigo Concerto de Aranjuez for classical guitar and Orchestra
  2. Maurizio Mastrini Mastrini Suite «Ghost»

 

Лучано Помпилио Фоджиядағы (Италия) У.Джордано атындағы музыка консерваториясын классикалық гитара мамандығы бойынша үздік тәмамдап, Болоньядағы гуманитарлық колледжде аспирантура дәрежесін алды. Оның маэстро Джузеппе Капутомен дуэті Францияда өткен беделді Монтелимар гитара байқауында  жүлделі атанды.

Помпилио аты аңызға айналған парагвайлық композитор Агустин Барриостың музыкасын үздік орындаушылардың бірі болып саналады. Оның «Tribute» компакт-дискі Канада мен Германиядағы ең үздік 30 iTunes релиздерінің тізіміне енді. Маэстро Помпилио «Città di Manfredonia» халықаралық гитара фестивалінің және Сан Джованни Ротондо қаласындағы «In Concerto» камералық музыка маусымының көркемдік жетекшісі.

Қазіргі уақыттағы танымал пианистердің бірі Маурицио Мастрини Перуджедағы «Франческо Морлакки» музыкалық консерваториясында маэстро Винченцо Виталедан тәлім алған. Маурицио - Еуропадағы ең танымал музыкалық мектептердің бірі «Accademia Nazionale d'Arte Musicale» атты мектептің негізін қалаушы.

Оның музыкалық шығармашылығы қаланың қарбаласынан алыс, оңаша, тыныш, өзінің тұрғылықты жері Умбриядан бастау алады. Оны осы өмір салты үшін «асау жүрек» деп атап кеткен. Музыканттың туындылары дәстүрлі музыкалық стандарттар мен жаңа заманауи классикалық музыка арасындағы байланыс іспеттес. Оның көптеген шығармалары минималистік композициялар, кейбірі математикалық тұжырымдамаларға сай келетіндей. Маэстроның өзі: «Тіпті бір-екі нота адамды толғандырып, көзіне жас келтіруі мүмкін», - дейді.

2001 жылы М. Мастрини Серхио Тассоның 3 минут 20 секундтық мәтініне жазылған, Гиннес рекордтар кітабына енген әлемдегі ең қысқа  «Il Bacio» («Поцелуй») операсын жазған. Тұсаукесері 2011 жылы болған Опера маэстро стилінің мәдени және күрделі, бірақ сонымен бірге эмоционалды және шынайы жақтарын айқын көрсетеді. 

Паоло Шибилия  - әйгілі итальяндық дирижер, сонымен қатар пианист, педагог. Фортепианоны Неапольде үйренген Паоло шеберлігін Серхио Фиорентино, Дьерди Шандор, Питер Резель, Дэн Григоре сынды көрнекті музыканттар мен Имола фортепиано академиясында жетілдірді. «Фортепиано», «Музыка, дыбыс, ғылым және техника» және «камералық музыка» мамандығы бойынша білім алған. Дирижер бүкіл әлем бойынша солист, камералық музыкант және оркестр жетекшісі ретінде танымал музыканттармен бірге 600-ден астам іс-шараға қатысқан. Дирижер ретінде әлемнің беделді залдарында әйгілі әлемдік оркестрлермен бірге өнер көрсеткен. Ол «Сорренто концерттік қоғамының» президенті, «Sorrento Classica» Сорренто халықаралық фестивалінің және «Caruso - De Curtis Sorrento» халықаралық ән фестивалінің көркемдік жетекшісі.

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымдардың бірегейі. Оркестр 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсахаджаеваның бастамасымен құрылды.

Оркестр құрамы асқан виртуоз шеберлер мен камералық музыкалаудың үздік әлемдік дәстүрлерін дамытып жүрген халықаралық байқаулардың лауреаттары, яғни жоғары кәсіби музыканттардан құралған. Дарынды 90 музыканттан тұратын оркестр әртүрлі дәуірлер мен стильдердің туындыларын және барокко, классикалық және заманауи музыка орындау өнерін жоғары дәрежеде меңгерген. Оркестрдің бас дирижері - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰӨУ профессоры Бақытжан Мұсаходжаева.


 

Поделиться в соц. сетях: