X

QAZAQCONCERT – 60 ЖЫЛ

Отандық мәдениеттің көш басындағы ең ірі музыкалық ұйым – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы 2020 жылы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтеді.


Жарты ғасырдан астам тарихы бар Қазақконцерт 1960 жылы 25 сәуірде Қазақ КСР Министрлер кеңесінің №728 бұйрығымен құрылған. Үлкен ұйымның құрылуындағы алғашқы қадамдар қазақ мәдениетінің тарихына есімдері алтын әріппен жазылған әртістердің шығармашылық қызметімен тығыз байланысты. «Қазақконцерт» мемлекеттік гастрольдік-концерттік бірлестігінде Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Рәбиға Есімжанова, Жаппас Қаламбаев, Гүлжиһан Ғалиева, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, Мағауия Хамзин сынды даңқты өнерпаздар еңбек еткен.

Кейін келе олардың қатарына Сара Тыныштығұлова, Әзидолла Есқалиев, Еркеғали Рахмадиев, Сұлтанғали Шүкіров, Гүлжан Талпақова секілді белгілі әртістер қосылды. Олардың жарқын ізін Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Жеңіс Сейдуллаұлы, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмагамбетова, Ерлан Рысқали, Азамат Желтыргузов, Мөлдір Әуелбекова  т.б. сахна майталмандары жалғастырып жүр.

Осы  уақыттың ішінде алар асуын айқындап, талай шыңды бағындырған «Қазақконцерт» ұйымы бүгінде отандық өнердің бірегей орталығына, мәдениет саласындағы ұлттық брендке айналған.

Қазақ музыкалық өнерінің қарашаңырағы үшін бұл концерттік маусым айрықша белес болмақ. «Қазақконцерт» ұйымында қазіргі уақытта еңбек етіп жүрген әртістер мен өнер ұжымдары мерейтойлық жылдың аясында көрермендерді жаңа концерттік бағдарламалармен, керемет премьералар және тың қойылымдармен қуантпақ.