X

Ұлы Абайға арналған жаңа мүсіннің презентациясы өтті

16.11.2020

Қазақконцерт екі үлкен айтулы мерекенің аясында өнер сүйер қауымды ерекше туындымен қуантты. Биыл өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтетін «Қазақконцерт» ұйымы Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның жаңа эксклюзивті мүсінін ұсынды.

Жаңа мүсін Абайдың құрметіне арналған басқа мүсіндерден өзгеше. Балауыз бен силикон материалдарынан жасалған гиперреалистік мүсін ұлы ақынның бейнесін барынша шынайы етіп көрсетеді. Елімізде сирек кездесетін гиперреалистік бағыттағы мүсіннің авторы – талантты суретші әрі мүсінші Айдос Есмағамбетов. Мүсінші Абайдың түр-тұлғасын, бет-бейнесін, шапанның материалын жан-жақты зерттеп, жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы мүсіннің эстетикалық көркемдігін, бірегейлігін жеткізе білді. Автордың ерекше техникасы мен шеберлігінің арқасында Абайдың жаңа мүсіні әйгілі Мадам Тюссо музейінің экспонаттарынан безендірілуі, сапасы мен әдемілігі жағынан еш кем түспейді.

Абайдың мүсіні Айдос Есмағамбетовтың қоржынындағы жалғыз туынды емес. Бұдан бұрын мүсінші Абылай ханның, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов пен АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама сынды тұлғалардың мүсінін жасап шығарған.

Жаңа мүсінінің презентациясына келген қонақтар «Астана мюзикл» мемлекеттік театры мен «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы Абайдың әндерін тыңдап, ақынның рухани мұрасына жақын бола түсті. Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов және «Қазақ елі» монументінің авторы, суретші Сембіғали Смағұлов қатысты.

«Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы атап өткендей, Айдос Есмағамбетов Абайдың мүсінін биыл өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтетін «Қазақконцерт» ұйымына тарту етті. Ол Абайдың 175 жылдығы мен «Қазақконцерт» ұйымының 60 жылдық мерейтойы сынды қазақ мәдениеті үшін маңызды қос мерекені осылайша бір-бірімен байланыстырып, барша қазақ еліне ерекше сый жасаған Айдос Есмағамбетовке зор алғыс білдірді. «Хәкім Абайдың жаңа гиперреалистік мүсінінің презентациясы Қазақконцерт тарихында, жалпы қазақ мәдениетінің тарихында қалатын үлкен іс-шараның бірі болады деп ойлаймын», - деп жеткізді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Жыл басынан бері Қазақконцерт әртістері Абайдың ақындық және музыкалық мұрасын Қазақконцерттің әр концертінде, онлайн форматта да ұлықтап келеді. Енді, міне, 60 жылдық асуды бағындырған Қазақконцертте өнердің жаңа түрі үйлесім тауып, Абайдың тұлғасы жаңа қырынан  насихатталуда.

Нұр-сұлтан қаласы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов жас мүсіншінің еңбегін жоғары бағалап, Айдосқа ұлы Абай мұрасын жаңа форматта насихаттап жүргені үшін алғысын білдірді.

"Айдос-өте талантты мүсінші, суретші. Біздің елде гиперреализм бағытындағы мүсінші шеберлері жоқ. Оның шығармашылық жұмыстары ерекше. Абай бейнесін барынша шынайы жасады. Жас мүсіншіге шығармашылық табыс тілеймін. Жас таланттарға жан-жақты қолдау қажет. Жеңіс Сейдуллаұлы студия Айдосқа студия ұсынып, сол арқылы үлкен қолдау көрсетіп келеді. Арнайы студия мүсіншіге шабыттанып, қарқынды жұмыс істеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз", - деп атап өтті Сембіғали Смағұлов.

Тұсаукесерден кейін Айдос Есмағамбетов өзінің шеберханасын, басқа да экспонаттармен жұмыс істеу процесін көрсетті.


Поделиться в соц. сетях: