X

Қазақ елінің маңдай алды тобы - «TURAN» тобының дәріс-концерті өтті

09.09.2022

Әуезді ән мен күй құдіретін танытқан бұл кеште «TURAN» тобы жиналған қауымға күй мен аспаптардың шығу тарихын баяндап берді. Таныстырған аспаптарының ішінде сирек кездесетін түрлері де болды.

 Он жылдық тарихы бар өнер ұжымы қазақ музыкасын әлемге әйгілеп, 70-тен астам шет мемлекетте 600-ден астам жеке концерт берген. Ансамбль «Карнеги холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди центр» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт хаус» (Берлин, Германия), «Кремлевский дворец» (Мәскеу, Ресей), «Конгресс және фестивальдар сарайы» (Канн, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция) және өзге де атақты залдарда өнер көрсетті.

Топтың құрамында Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев сынды талантты мульти инструменталист музыканттар бар. Қазақ халқының отыздан астам ұлттық музыкалық аспабы болса, музыканттардың әрқайсысы солардың бірнешеуінде ойнауды меңгерген.

Түрлі аспаптарды меңгерген бұл топ осы уақытқа дейін 30-дан астам ән мен күй жаздырып, бірнеше күйтабағын жарыққа шығарды. Аталмыш топтың ұстанған негізгі бағыты - ескі әндер мен көне аспаптарды жаңғыртып, түркі халықтарының бірлігін нығайту. Оларды өнер саласында бір арнаға тоғыстыра отырып, халқымыздың ежелден келе жатқан төл музыкалық өнерін өңдеп, өнерсүйер қауымға жеткізу. Бұл ерекшеліктерімен көрермендерді сүбелі өнерге қызықтыруға болады деп есептейді Роза Бағланова атындағы мемлекеттік «Қазақконцерт» концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова.

Рухани азық пен рухты сезіндіре білген «TURAN» тобының мүшелеріне көрермендердің алғыстары шексіз.

Көрермендердің кештен алған әсері мен сезімін сөзбен жеткізу тіптен мүмкін емес. Тек осындай кештің куәгері болып қана Ұлы Даланың рухты, сазымен келетін зор қуатты жан-тәніңізбен сезініп, біле аласыз. 

Поделиться в соц. сетях: