X

Елордада «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің төртінші күйтабағына арналған «FOLK & SYMPHONY» концерті өтті

19.10.2022

Сөйтіп,  «TURAN» ансамблі концертті «Бүркіт», «Сырласу» атты күйін орындаудан бастады. 

Аталған ансамбль концерттің бірінші бөлімінде авторлық туындыларын орындаса, екінші бөлімінде Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрімен бірге өнерлерін көрсетті.

 «FOLK & SYMPHONY» жобасы жайлы бірер сөз...

«FOLK & SYMPHONY» – «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің бірегей жобасы. Америка, Еуропа және Азия мемлекетінде өнер көрсетіп, симфониялық оркестрі мен қазақтың көне музыкалық аспаптарын біріктірген музыкалық ансамбль.

«TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің «FOLK & SYMPHONY» атты концерті Астанада алғаш рет өтті. Аталмыш ансамбль Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетті. Оркестрді халықаралық байқаулардың лауреаты, өнертану ғылымдарының магистрі, дирижер Ернар Нұртазин басқарады. Дирижердің шеберлігі жайлы сәл кейінірек. 

«ТURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі – қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын дамытуда заман талабына сай көне аспаптардың үнін жаңа үлгіде жаңғыртуға атсалысып жүрген өзіндік ерекшелігі бар өнер ұжымдарының бірі. 

«ТURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің шығармашылығына биыл 14 жыл толды. Осы уақыт аралығында ансамбль әлемнің 70-ке жуық елдерінде 600-ден астам жеке концерттерін өткізді. Өнер ұжымы «Карнеги Холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди орталығы» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт үйі» (Берлин, Германия), «Кремль сарайы» (Мәскеу, Ресей), «Конгресстер мен фестивальдер сарайы» (Канн, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция) сияқты атақты залдарда өнер көрсетті. 
Ансамбль құрамында 30-дан астам ұлттық аспаптарда ойнайтын өнерпаздар бар: Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев және Жанту Дадабаев. Ансамбль мүшелерінің үшеуі өнертану ғылымдарының докторлары, қалған екеуі өнертану ғылымдарының магистрлері...


Концерттік бағдарламада «TURAN» ансамблінің репертуарындағы Folk & Symphony жанрындағы үздік туындылары мен заманауи жаңа шығармалары орындалды. 

Ұлттық музыкаға симфониялық оркестрдің заманауи үні қосылғанда залдағы көрермендер таңдай қақты. Концерттен кейін де біразға дейін әдемі әсердің жетегінде болдық. 

Жоба дирижері Ернар Нұртазиннің сахнадағы әр қимылынан әуен төгіліп тұрды. Әр инструментке ерекше акцент бере алды. Өзі де билеп кетті. Көрермендері де...

Поделиться в соц. сетях: