X
ШЕРТЕР
ШЕРТЕР
үш ішекті, шертіп ойнайтын, қазақтың аспаптық музыка мәдениетіндегі көне аспаптардың бірі.

Фото

Aспап туралы
Шертер көбінесе ән-жыр, дастандарды қостауға арналған, бақташылар арасында кең таралған аспап. Қариялардың айтуына қарағанда бұл құралдың ерекшелігі мынада: шертердің құрылысы мен формасы негізінде домбыраға ұқсас болған, мойны, қысқа, қыл ішек тағылған, үлкендігі қобыздай. Қырғыздың комузы секілді шертер де пернесіз. Шығыс Қазақстан облысында кездесетін домбыралардай үш ішекті, беті қобыздағыдай көн терімен қапталған. Шертердің құрылысы қобызға көбірек ұқсас екенін байқау қиын емес. Мойны имектеу, басында шайтан тиегі жоқ, құлақтардың жасалуы да қобызға жақынырақ. Аспаптың жасалу технологиясы: Шертерге үш ішек тағылады және ол мынадай негізгі үш бөлімнен тұрады: аспаптың шанағы, мойыны және басы. Шертердің шанағына жататын бөліктер мыналар: бет қақпағы, шанағы (кеудесі), тері, тиек және ойық. Жетілдірілген шертердің мойынында пернелер тізбегі саны 22 (ал көне шертерде пернелер болмаған). Аспаптың басында, үш ішекті болғандықтан, үш құлағы бар. Шертер шанағының төменгі жағында үш түймесі бар, бұл түймелерге үш ішек бекітіледі. Шертердің ең негізгі ерекшелігі оның шанағының жартылай терімен қапталғандығында, осы терінің сапасына байланысты дыбыс тербелісі де әртүрлі болады. Шертерге ешкі мен түйенің терілері иленіп, өңделіп тартылады. Шертер – орындаушыларымен қатар аспап жасаушы шеберлер үшін де әлі толық ашылмаған құпия сыр. Бұған дәлел әр кездегі өзгертіліп тұратын бет – пішіні. Жылдар өткен сайын шертердің формасы өзгеріп, дыбыстарына көп мән беріледі десе болады.

Поделиться в соц. сетях: