X

Пайдалы бос уақыт

20.07.2020

Пандемия кезінде аянбай еңбек етіп, індетке шалдыққандардың өмірі үшін күрес жүргізіп жатқан дәрігерлер мен олардың отбасыларына қолдау көрсету қазір өте маңызды. Көптеген медицина қызметкерлері індет қарқын алған кезден бастап отбасыларын көрмей, күндіз-түні ауруханаларда еңбек етуде. Бұл жағдайда медициналық қызметкерлердің балалары, олардың карантин кезінде бос уақыты назардан тыс қалмау керек.



Осыған байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жазғы демалыс кезеңінде балаларға  білім беруге арналған «Пайдалы бос уақыт» атты жаңа жобаны қолға алды. Мақсаты – COVID-19 пандемиясына қарсы күрес жүргізіп жатқан медициналық қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсету.

Мәдениет жіне спорт министрлігінің жаңа қайырымдылық жобасы карантиндік демалыс кезеңінде балалардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың рухани азық алуына және бос уақыттарын пайдалы өткізуге зор үлесін қосады.

Жоба аясында балаларға өнер және спорт бағыттары бойынша онлайн сабақтар мен шеберлік класстары ұсынылады. Онлайн сабақтарды белгілі өнер және спорт қайраткерлері тегін өткізеді. Жаңа бастаманың басты ерекшелігі – балалар қызығушылықтары бойынша онлайн сабақтарды өздері таңдай алады. Өнер бағыты бойынша: домбыра, фортепиано, скрипка, гитара, эстрадалық ән айту, сурет салу, актерлік шеберлік, ал спорт бағыты бойынша: еркін күрес, классикалық күрес, дзюдо, гимнастика, бокс, таэквондо сабақтары өтеді. Жобаға 9 жастан бастап 15 жас аралығында оқушылар қатыса алады.

Балалар мен ата-аналардың ыңғайлылығы үшін жоба аясында жаңа https://taplink.cc/mcs.govrk платформасы құрылды. Балалар қысқа сауалнаманы толтырып, координаторлардың көмегімен сабақ кестесін ала алады. «Пайдалы бос уақыт» жобасы балалардың үйден шықпай сапалы әрі қажетті білім алуына зор үлес қосып, медициналық қызметкерлерді қолдаудың пайдалы тәсілі болмақ.


Поделиться в соц. сетях: