X

«Saz & Soul» тобы жаңа бейнебаян ұсынды

03.07 .

Домбыра – бабадан қалған асыл мұрамыз, ұлттық құндылығымыз. «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ақын Қадыр Мырзалиев жырға қосқандай, күмбірлеген қазақтың домбырасы – халқымыздың даналығы, тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі.


Домбыра күні осы асыл қазынамыздың мәртебесін асқақтатып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Осы мерекеге орай «Қазақконцерт» ұйымының «Saz & Soul» вокалдық-аспаптық ансамблі өнер сүйер қауымға жаңа бейнетуынды ұсынды. Өнер ұжымы ел арасына кең тараған Сүгірдің термесін заманауи тыңдарманның талғамына сай етіп орындады. «Saz & Soul» ансамблінің орындауында бұл төл музыкалық туынды ұлттық бояуынан ажырамай, жаңаша өңдеуде ерекше естілді.




"Қазақконцерт" ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы атап өткендей, рухани жаңғыру жолында домбыра үні арқылы музыкалық дүниелерімізді жаңа форматта насихаттау өте өзекті.


- Халық әндерінің басым көпшілігі домбыра аспабының сүйемелдеуімен орындалады. Бұл домбыраның ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен ұлттық аспап екендігінің тағы бір белгісі. Халық әніндей болып кеткен Сүгірдің термесін жаңаша өңдеп орындау арқылы бұл туындының қазіргі тыңдарманның талғамымен жақсы үндесе алатынын көруге болады. Бұл әнге түсірілген бейнетуынды да сапалы, ерекше шықты деп білемін. Оның продюсері – Әсел Керімбекова, режиссері – Жәнібек Дәулетбеков, бейнемонтаж жұмыстарын Жандос Халел орындады. Алдағы уақытта  осы мамандармен бірігіп, көрерменге көптеген сапалы дүниелерді ұсыну жоспарда бар,- деп бөлісті Жеңіс Сейдуллаұлы.


«Saz & Soul» ансамблінің репертуарында жаңа форматта, әртүрлі музыкалық жанрларда өңделген өзге де халық әндері, қазақ композиторларының белгілі туындылары мен Әділжан Толықпаевтың авторлық шығармалары бар.  Ұжымның ән қоржынындағы шығармалар ұлттық реңкін жоғалтпай, джаз, классика, рок, т.б. стильдерде орындалып, халықтың рухани жан-дүниесін байытады және талғамын арттырады. Талантты өнерпаздардың басын қосқан топ 2017 жылы құрылып, қазіргі уақытта «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымның құрамында жемісті еңбек етуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: