Афиша Ұжымдар Залдар Жаңалықтар Біз туралы Астана 20 жыл Еңбек биржасы Мемлекеттік сатып алу Байланыс

ҚР Тәуелсіздік күніне орай үздік қызметкерлер марапатталды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында мәдениет пен өнер саласында ерен еңбегімен дараланған «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметте, еліміздің мәдени дамуына сіңірген зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан «Құрмет» орденімен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының эстрада тобының жетекшісі Мөлдір Әуелбекова, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен «Қазақконцерт» солисі Алишер Каримов наградталды.

Сонымен қатар бұл күні «Қазақконцерт» ұйымының басшысы Ж.Сейдуллаұлы үздік атанған қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің атынан марапаттауларды табыстады. Мекеме басшысы өзінің құттықтау сөзінде барша ұжымды еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, тәуелсіздіктің символына айналған Елордамыздың жиырма жылдық мерейтойын абыроймен атап өткендігімізді айтты. Жиын барысында салтанатты түрде еліміздің мәдениет пен өнер саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін:
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Көрермендерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бибігүл Тургумбаева және Кино-бейне, дыбыс құралдарымен қызмет көрсету бөлімінің басшысы Қайрат Кулисбаев;
«Құрмет» грамотасымен шығармашылық қызмет бөлімінің басшысы Алмас Алтынбеков, «Қазақконцерт» солистері Асқар Мұқият және Марат Айтымбай, «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі либреттосының авторы Серікзат Дүйсенғазин марапатталды.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының қызметкерлерін марапаттауларымен құттықтаймыз! Егемен еліміздің қарқынды дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбегіңіз, игі бастамаларыңыз табысты болсын!