Афиша Ұжымдар Залдар Жаңалықтар Біз туралы Астана 20 жыл Еңбек биржасы Мемлекеттік сатып алу Байланыс

Елордалықтар қазақ әндерін алғаш рет жаңаша стильде тыңдауға мүмкіндік алды

Нұр-Сұлтан қаласының төрінде «Saz&soul» тобы өзінің алғашқы шығармашылық кешін өткізді. «Qazaqstan» ОКЗ-ның камералық залында ине шаншар жер болмады. Көрермендер қазақтың хит әндерін өнерпаздармен қосыла орындап, керемет кештен рухани ләззат алып қайтты. Концертке келген өнерсүйер қауым жас вокалды-аспапты топтың өнерін жоғары бағалап, кеш соңында артистерді биске шақырды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек», -деп атап өткен болатын. Осы орайда «Saz&soul» шығармашылық ұжымы заманауи тыңдарманның талғамына сай, керемет музыка кешін ұйымдастыруды жөн көрді. Шарада А. Қоразбаевтың «Көзіңнен айналайын», «Сырғалым», Б.Тұрғараевтың «Махаббат – мәңгі ертегі», Н.Тілендиевтің «Саржайлау», және тағы да басқа әр заманның хит әндері джаз, фанк, рок-баллада, блюз, латина, мюзетта, танго, неоклассика жанрларында орындалады.
Бұл кеште тыңдарман топтың көркемдік жетекшісі Әділжан Толықпаевтың шығармашылығымен етене танысуға мүмкіндік алды. Ол қазақтың халық әндері мен замандас авторлардың шығармаларын жаңаша өңдеп, заманауи нақышқа келтіріп, түрлі стильдерге салып орындайды. Әділжанның 16 жасында жазған «Япурай» фортепианолық пьесасы отандық пианистердің репертуарына еніп, республикалық және халықаралық байқауларда жиі орындалады. Ал 18 жасында өзінің алғашқы фортепианоға арналған пьесалар жинағын шығарған. Сазгердің скрипкаға арналған пьесалары қазақстандық скрипка мектебінің хрестоматиясына енген. Топ құрамында Әділжан сияқты өзге де дарынды өнерпаздар бар. Әрқайсысы өз алдына ерекше, дара муызкант: кәсіби әнші Салтанат Меңдіғалиева, Аслан Қуатов (пернелі аспап), Самғар Толқынханұлы (баян), Камиль Шаяхметов (гитара), Болат Турабеков (соқпалы аспап), Азамат Темірбаев (бас гитара).
Бұл кеште «Saz&soul» тобымен бірге «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрінің музыканттарынан құралған ішекті аспаптар квартеті мен «Voice.kz» тобының солисі Қайрат Сарыбаев өнер көрсетті.
Топтың алдағы жоспары – осы концерттік бағдарламамен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, қазақ тыңдарманының музыкалық талғамын жоғарылату.