Афиша Ұжымдар Залдар Жаңалықтар Біз туралы Астана 20 жыл Еңбек биржасы Мемлекеттік сатып алу Байланыс

Батырхан Шүкеновтің медалі анасына тапсырылады

15 ақпан күні сағат 13:00-де «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты әнші және композитор Батырхан Шүкеновке Кеңес Одағы әскерінің Ауған жерінен шығарылуының 10 жылдығына орай берілген «Ауған соғысының ардагері» естелік медалін анасына табыстау рәсімі өтеді. Іс-шара кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына орай өткізілмек.

1983 жылы бір топ белгілі қазақстандық әншілермен бірге Ауған жерінде өнер көрсеткен Батырхан Шүкенов соғыс алаңында өнерімен жауынгерлердің рухын көтеріп, қолдау көрсеткен. Өзінің шығармашылық жолын «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігінде бастаған Батырхан Шүкеновтің медалі мекеменің қайта құрылуына байланысты 2016 жылы Орталық мемлекеттік архивке берілген. 2019 жылдың басында әншінің естелік медалі жаңадан құрылған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қайта табысталды.

Енді артына өшпес із қалдырған Батырхан Шүкеновтің медалі оның анасы Диляра Ибрагимқызы Шукеноваға салтанатты түрде табысталмақ. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай аталмыш кездесу Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен өтеді. Іс-шараға спикерлер ретінде Батырхан Шүкеновтың анасы Диляра Шукенова, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл қатысады. Аталған кездесу әншінің анасынан эксклюзивті сұхбат алу, спикерлерге сұрақ қою және «Қазақконцерт» артистерінің орындауында Батырхан Шүкеновтің әндерімен қайта қауышу мүмкіндігін ұсынады.