Афиша Ұжымдар Залдар Жаңалықтар Біз туралы Астана 20 жыл Еңбек биржасы Мемлекеттік сатып алу Байланыс

Айна Қалмағанбетова «Қазақконцерт» МКҰ шығармашылық қызмет басшысының орынбасары және эстрада бөлімінің басшысы болып тағайындалды

Белгілі әнші Айна Қалмағанбетова ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының шығармашылық қызмет басшысының орынбасары және эстрада бөлімінің басшысы болып тағайындалды.
Айна Қалмағанбетова – белгілі әнші, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Эстрада вокалисі» мамандығы бойынша аяқтаған.
Айна Серікқызының шығармашылық қызметі эстрада өнерімен тығыз байланысты. Ол вокалдық шеберлігі жоғары, әсем әнімен және ерекше даусымен таңғалдыратын талантты әнші ретінде таныла білді. Әр алуан жанрлар мен бағыттарда жұмыс істей алатынын сан түрлі фестивальдар мен байқауларда дәлелдеді. Айна Серікқызы көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, «Eurasian music awards-2017» музыкалық премиясының номинанты атанған. Ол жоғары кәсібилігін тек өз шығармашылығында ғана көрсетпей, шәкірт тәрбиелеп, өзінен кейінгі жас әрі талантты әртістер буынының қалыптасуына зор үлес қосуда.​​
Белгілі әнші отандық музыка өнерін бірнеше рет халықаралық сахналарда таныстырды. 2014 жылы Ресей Федерациясының Қазан қаласында өткен «Turksoy» фестиваліне, 2015 жылы Италия мемлекетінде өткен халықаралық Экспо-Милан көрмесіне қатысты. 2016 жылы Корея мемлекетінің Сеул қаласында өткен «Түркі мәдениеті» фестивалінде еліміздің атынан өнер көрсетті.
Кәсіби орындаушы композиторлық қырынан да танылған. Елімізге белгілі Ш.Сариев, Б.Сәтенов, С.Қалмағанбетов сынды біртуар талантты композиторлардың ізін жалғап, 2019 жылы​ өзінің​авторлық туындыларынан құрылған ән жинағын шығарды.
Еске салсақ, бұл бөлімді Мөлдір Әуелбекова 2018 жылдан 2019 жылдың сәуір айына дейін басқарған болатын.
​Эстрада бөлімінде "Voickz", "Назар", "Дара", сынды топтар мен елге танымал әншілер қызмет етеді.