Афиша Ұжымдар Залдар Жаңалықтар Біз туралы Астана 20 жыл Еңбек биржасы Мемлекеттік сатып алу Байланыс

Астанада наурыз тойын тойлау басталды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен «Хабар» Агенттігінің ұйымдастыруымен «Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік концерт өтті. Бұл күні «Қазақстан» концерт залының үлкен сахнасы мен фойесінің декорациялары ерекше сән-салтанатпен безендірілген киіз үй үлгісінде ұсынылды. Іс шара қазақтың амал мерекесі көрісу салтымен басталып, балуандар күресіп, балалар асық ойнап, алтыбақан теуіп, наурыз мерекесін тойлаумен жалғасты.  
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Рахметоллақызы балаларға «Наурыз шашу» сыйлығын сыйлап, жиналған қауымға жылы лебізін жеткізді:
-    Құрметті достар, баршаңызды келе жатқан Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыз ежелден жыл басына санаған, Ұлыстың Ұлы күніне балаған Наурыз мейрамы – шын мәнінде елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Еліміздің шуағына бөленген Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, құт-береке, молшылық әкелсін!Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өтуді ұсынғаны баршамызға белгілі. Енді, міне бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Наурыз мейрамын алғашқылардың бірі болып атап өтіп, «Ұлыстың ұлы күні» концертін ұсынып отыр.
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы «Қазақконцерт» Ұлыстың ұлы күнін тойлауды алғашқылардың бірі болып бастатағанын айтып, наурыз мерекесімен құттықтады:
-    Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Хабар» агенттігімен бірлесе отырып бүгін біз «Ұлыстың ұлы күні» жобасын ұсынып отырмыз. Елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі болып саналатын Наурыз мерекесі бүгін жаңаша форматта аталып өтпек. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқандай, Наурыз мейрамы жалпықазақстандық сипатқа ие болу керек. Осыған байланысты, өнердің озық үлгілерінің халыққа қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Ұлыстың ұлы күні» концертінің 400 билетін қайырымдылық мақсатта әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту етті. Бүгінгі мерекелік концертті 2700 көрермен тамашалауға келіп, өзінің жоғары бағасын беріп жатыр.Елордадан бастау алған осы игі бастаманы біз Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты барлық өнер ұйымдарына жолдаймыз.
Бұл шараның жалғасы барлық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік концертке ұласты.  Концертте ұлттық салт-дәстүрлер мен спорттық ойындар, ақындар айтысы, халық әуендеріне құрылған ән шашу мен күй тартыс сынды ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілері ұсынылды.
Сахна төрінде қазақ эстрадасының белгілі әншілері мен топтары өнер көрсетті. Бұған қоса, концертте «Астана мюзикл» мемлекеттік театры Ер Төстік, Алдар көсе, Шықбермес Шығайбай, Тазша бала сынды қазақтың аңыз-ертегілеріндегі кейіпкерлердің жаңа образдары ұсынылған театрландырылған көрініс қойды. «Ұлыстың ұлы күні» концертінде көрермен сүйіп тыңдайтын халық әндері, заманауи сазды әуендер жанды дауыста «Астана сазы» және «Saz&soul» ұжымдарының сүйемелдеуімен өтті.  
Концерт отандық эстрада жұлдыздарының жаңа образдары, таптырмас шоу және күтпеген дуэттерге толы болды.