Афиша Ұжымдар Залдар Жаңалықтар Біз туралы Астана 20 жыл Еңбек биржасы Мемлекеттік сатып алу Байланыс

Ел жүрегі — Астана



Туған күніңмен, Астана!

Елорда – Елбасы қолтаңбасы. Тәуелсіздік туындысы. Жер бетінде қаншама астаналар бар. Әрқайсының өз келбеті, өз үлгісі бар. Астана – аз уақыт ішінде әдемі келбетімен әлемге танылған әсем қала. Жиырма бірінші ғасырда Жиырмасыншы жылына үлкен жетістіктермен жеткен еңсесі биік, рухы мықты жас қала. Бас қала 20 жылдық тарихында мәдениет пен өнердің ошағына айналды. Әлемдік деңгейде атап өтілетін той – Астанаға көрсетілген үлкен құрметтің бірі. Елорданың «Ел жүрегі – Астана» 20 жылдық мерейтойы шеңберінде ауқымды мәдени іс-шаралар жоспарланды.  

Елорданың торқалы тойына арналған ірі халықаралық жобалардың бірі– ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі. 

ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде әлемдік театр ұжымдары өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Piccolo di Milano» театры (Италия), «1927» театры (Ұлыбритания), «Meno Fortas» (Литва), «Warszawa» (Польша), «Nakamura Gekijo» (Жапония), Тәуелсіз интернационалды «11» театры (Германия), Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры (Грузия), Бейжің халықтық көркем театры (Қытай), Өзбек ұлттық академиялық драма театры (Өзбекстан), Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры, Мәскеу губерниялық театры (Ресей), Ш.Термичиков атындағы Шу облыстық театры (Қырғызстан). Фестивальдің арнайы қонағы– белгілі француздық кино және театр актрисасы, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» жүлдесінің, «Оскар» сыйлығының иегері Жюльет Бинош (Франция). 

ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі Қазақстан, Еуропа және Азия елдерінің кәсіби театр ұжымдарының ең үздік қойылымдарын көпшілікке ұсынып қана қоймай, өзге елдің озық мәдениетімен танысуға және ұлттық өнерді әлемдік кеңістікке танытуға зор  мүмкіндік берді.

«Астана» театр фестивалін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы және Қазақстан театрлары ассоциациясы өткізді. 

Жерар Пресгурвиктің даңқын өрлеткен «Ромео мен Джульетта» мюзиклін сәтті сахналаған «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Астана Мюзикл» театры тұңғыш рет әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклін қазақ тілінде көрерменге ұсынады. Мюзикл композиторы Р.Коччанте және либретто авторы Л.Пламондонмен бірлесіп қойылатын танымал спектакль көрерменді бейжай қалдырмасы анық. Виктор Гюгоның   «Собор Парижской Богоматери» тарихи романының желісінде Францияда сахналанған спектакль – әлемдегі мюзикл жанрының үлгісі. 

Алғашқы қойылымынан-ақ үлкен табысқа қол жеткізген мюзикл Гиннестің Рекордтар кітабына енген. Астана тойына тарту ретінде сахналанатын мюзикл – француздық шансон мен сыған мотивіне құрылған әр көріністегі әуен «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді елуге жуық әннің әуені тыңдарманды бірден баурайтын болады. Әйгілі мюзиклдің 20-жылдығы елордамыз Астананың мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.