Афиша Ұжымдар Залдар Жаңалықтар Біз туралы Астана 20 жыл Еңбек биржасы Мемлекеттік сатып алу Байланыс

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ «NOTRE DAME DE PARIS» МЮЗИКЛІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҚОЙЫЛАДЫ

Орталық Азияда тұңғыш рет! Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклін қазақ тілінде ұсынады. Атақты француздық-канадалық мюзиклдің премьерасы 2018 жылғы 18-24 желтоқсан күндері аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қазақ тілінде сахналанатын «Notre Dame de Paris» қойылымы отандық театр өнері үшін жаңа жетістік, тың жаңалық болмақ.

Әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған «Notre Dame de Paris» мюзиклі француздық шансон мен сыған мотивтеріндегі танымал әндер, хореография, акробаттар өнері және қайталанбас декорациялармен өрнектелген. Мюзикл желісінде қазақ тілінде орындалатын «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді елуге жуық әннің әуені тыңдарманды бірден баурайды. Уақыт сынынан өтіп, талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленген мюзикл ешкімді бейжай қалдырмасы анық.

Дүниежүзін таңқалдырған «Notre Dame de Paris» мюзиклінің 20 жылдығы елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Алғаш рет 1998 жылы Париж қаласында қойылған мюзикл әлемнің 9 тіліне аударылған. Енді, Қазақстан атақты мюзиклді өзінің мемлекеттік тіліне аударған оныншы ел болып отыр. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын «Notre Dame de Paris» қойылымы заманауи Қазақстанның тарихындағы айтулы оқиға болары сөзсіз.

«Notre Dame de Paris» мюзиклінің түпнұсқасымен сәйкес келетін қазақ тіліндегі қойылым өзінің түпкі сарынын сақтап қалды. Қойылымның басты ерекшілігі мен жетістігі – қойылымда өнер көрсететін талантты вокалистер, актерлер, акробаттар мен бишілер еліміздің барлық аймағынан іріктеліп, қатаң кастингтен өткен отандық өнерпаздар болып табылады. Бұл қойылымға жетекшілік ететін мюзикл авторлары Р.Коччанте мен Л.Пламондон, сондай-ақ француздық продюсерлер мен режиссерлер қазақстандық әртістердің жұмысына жоғары баға беріп отыр.

Құрметті астаналықтар мен қала қонақтары, осы жылдың ең ауқымды мәдени жобасын тамашалау мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар.
Бейнені қарау
Билет сатып алу