Афиша Ұжымдар Залдар Жаңалықтар Біз туралы Астана 20 жыл Еңбек биржасы Мемлекеттік сатып алу Байланыс

«Astana Musical» мемлекеттік театрының үшінші маусымы

«Astana Musical» мемлекеттік театры қараша айының 9 күні, кешкі сағат 19:00-де халқымыздың ең көне рухани мұраларының бірі  Е.Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен Үшінші маусымын ашады. Жаңа маусымның алғашқы қойылымы «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.

Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін «Қыз Жібек» туындысы – қазақтың лиро-эпостық жырының жауһары. Трагедия кейіпкерлері – Жібек пен Төлеген әлемге әйгілі Ромео мен Джульетта сияқты қазақ халқы үшін махаббаттың символы іспеттес. Оқиғалар жас жігіт Төлеген, Қыз Жібек және ел ішінде ержүректігімен аты шыққан Бекежан батыр арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді, оқиға соңында Төлеген қызғаныштың құрбанына болады. Қыз Жібек те махаббат құрбанына айналады.  Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен мақсат-мұраты танылатын, бояуы қанық қойылымда ұлттың бейнесі, салт-дәстүрі  (бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б.)  көрініс тапқан. Жібек – қазақ халқы үшін қастерлі, киелі болып табылатын сұлулық пен әсемдіктің бейнесі. Сондай-ақ қойылымда қос ақынның сөз тартысы, ой қақтығысы болып саналатын  импровизациялық өнердің үлгісі ретінде көрініс тапқан  қазақтың ұлттық өнері ақындар айтысы орын алған. Қойылым «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді.

Қойылымның режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров. Қыз Жібек рөлінде – Инабат Ризабекова, Төлеген – Оразалы Игілік, Бекежан – Расул Усманов өнер көрсетеді.
Билет сатып алу